Анықтамасыз малдан ауру шығады

Қазіргі таңда бруцеллез ауруы кең етек жайып келеді. Көбіне Елтай, Есбол ауылдық округтері алға шығып тұр.

Аталған аурумен ауырған адамдар аудандық емханада тіркелу үстінде. Ауданымызға көбінесе Орал  аудандары және тағы басқа аумақ көлемінен мал тасымалы артқан. Қауіптісі сол, малдың саулығы жөнінде анықтамаларсыз, яғни ешқандай құжатсыз малды тасымалдайтындығы. Көп жағдайда сатып әкелінген малды өзінің иелігіндегі малға қосып жібереді. Ал бруцеллез-адам мен малға ортақ  зооантрапонозды ауру. Міндетті түрде жаңадан сатып алынған малды алдымен оқшаулап, ауданның ветеринариялық дәрігеріне хабарлап,  малдан қан алынып серологиялық сараптамасы таза болғанына көз жеткізгеннен кейін ғана қора-жайыңыздағы малдарыңызға қосуға болатынын ескеріңіз.  Сондай-ақ карантинге қою және сатып алынған малдың қанын тексеру ауданымызда тегін түрде жүретінін біле жүріңіз.

Ауру ауыл шаруашылығы жануарларының арасында кең етек жаюының бірден –бір себептері халықтың  осындай түсінік жұмыстарын дұрыс ұғынбау,  осындай жағдайларға салғырт қараудан басталатыны сөзсіз.  Малды сатып алар кезде ол шаруа қожалығы  бола ма немесе жеке тұлға бола ма сол ауданның   ветеринариялық дәрігерінің малға берілген құжатын немесе серологиялық-диагностикалық тексерулері жазылған анықтамасын  алуға  толық құқылысыз.

Бруцеллез адамнан-адамға жұқпайды, малдан адамға жұғады. Бруцеллездің негізгі жұқпа көздері – қой, ешкі, сиыр, шошқа. Адамдар бруцеллезді ауру малды күткенде жеке бас гигиенасы ережелерін сақтамаса, ауру мал бөліністерімен залалданған құралдармен тікелей қатынасса, малдың жүнін қырқу, малды сою, терісін сыпыру, малды төлдету кезінде малдың шуы, қағанақ суымен қатынаста болғанда, туған қозыны ауыздандырып емізу кезінде жиі жұқтырып алады. Сонымен бірге ауру сиыр, ешкі, қойдың қайнамаған сүтін немесе толық термикалық өңдеуден өтпеген өнімдерді тағам ретінде пайдаланғанда ауру жұғуы мүмкін. Ауру белгілері: әлсіздік, ұйқының бұзылуы, кейде қозғыштық, бастың ауруы, бұлшық еттер мен буындардың ауырсынуы, асқа тәбеттің төмендеуі, дене қызуының 39-40 С дейін көтерілуі. Қызба жиі толқын тәріздес сипатта өтеді, қызба кезінде қалтырау мен тершеңдік байқалады. Орталық жүйке жүйесінің функционалдық зақымдалу белгілері ерте пайда болуы мүмкін. Сонымен бірге лимфа түйіндері 1см мөлшерінде ұлғаяды.

Бруцеллездің алдын алу шаралары:

-жануарлар күтімі байланысты барлық жұмыстарды, әсіресе төлдеу науқанында арнайы қорғаныш киімдерін (арнайы киім - фартук, халат,  аяқ киім, қолғап – анатомиялық) киюмен жүргізу, бруцеллез  ауруының алдын алу және жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау;

-тағам ретінде сапалы термиялық өңдеуден өткен ет және ет өнімдерін, сүт және сүт өнімдерін қолдану;

-мал дәрігерлік анықтамасыз сүт және сүт өнімдерін бей-берекет сауда орындарынан ешқашан  сатып алмау;

-малды жайлауға  шығарар алдында міндетті түрде бруцеллезге тексерту;

-құжатсыз ауыл  шаруашылығы жануарларын сатып алмау және т.б.

Осы ветеринариялық және санитариялық талаптарды сақтау  сіздің  және сіздің жанұяңыздың, малыңыздың саулығы екенін әрдайым есте сақтаңыз.

Айнара Бекболатқызы,

ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Индер аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы ветеринариялық-санитариялық

инспекторы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT