Мұғалімдерді білім саласына еш қатысы жоқ, қызметіне тән емес шараға тартқандарға 120 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл салынады.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын таныстырған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Үкімет бүгін «Педагог мәртебесі» туралы Заң жобасын бекітті. Жобаның негізгі идеясы - мұғалімдердің жүктемесін азайту. Кәсіби тұрғыдан дамуға және шығармашылыққа мүмкіндік беру. Ұстаздардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасау.
«Жалпы, заң жобасын іске асыру мұғалім мамандығының мәртебесін арттыруға педагогтер үшін әлеуметтік кепілдік жүйесін жасауға мүмкіндік береді. «Педагог мәртебесі туралы заң жобасын» әзірлеу басқа да заңнамалық актілерге түзетулер енгізуді қажет етеді», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН. Үкімет басшысының айтуынша, мұғалімдердің жалақысын арттырып, педагогикалық шеберлік, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеуге бағытталған шаралар қолға алынбақ. Бұдан бөлек, ұстаздардың еңбек демалысын 56 күнге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Ал мұғалімдерді артық жұмысқа тартқандар бұдан былай жазаланады.
«Педагогтың жүктемесін қысқарту бойынша жеке нормалар көзделген. Бұл орайда, мұғалімнің кәсіби фракциясына кірмейтін міндеттерді жүктеуге, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салынады. Құқық бұзушылық субъектісіне байланысты мұғалімдерді өзіне тән емес функцияларға және артық есеп беруге тартқаны үшін 20-дан 120 АЕК-ке дейін айыппұл салу заң жобасында қарастырылған», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.
Жаңа заң жобасы қаржымен толық қамтамасыз етілмек. Осы мақсатта алдағы үш жылға 930 миллиард теңгеге жуық қаржы қаралған. «50 жылдың ішінде алғаш рет мұғалімдерге тәлімгерлігі үшін, магистр атағы үшін қосымша ақы төленетін болады. Енді министрліктің негізгі міндеті - осы заң жобасын дер кезінде Парламентте қорғап, тезірек жүзеге асуын қамтамасыз ету. Заң қабылданғаннан кейін мәнін, мақсатын халыққа түсіндіріп айтуымыз керек», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ.
Мат. Әлеуметтік желіден алынды.