Исатай аудандық білім бөліміне қарасты мектеп-гимназия директорының инновациялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, «педагог-шебер» Гүлфариза Калидуллина республикалық байқауда топ жарып, білім көкжиегіндегі жаңа белесті бағындырды. Ұстаздың бұл жеңісі туған өлкесінің мәртебесін асқақтатып, аудан педагогикасының әлеуетін тағы бір мәрте айқындай түсті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында да педагог мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, дамыту жөнінде баса назарға салып айтып өтті. "Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет" деген еді. Еліміздің білім беру жүйесіндегі жаңашыл идеяларды насихаттау, озық тәжірибелерді тарату мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатын «Педагогикалық идеялар фестивалі» биыл да ұстаздардың басын бір алаңда тоғыстырды. 10-11 қаңтар күндері Алматы облысы, Қаскелең қаласында Сүлеймен Демирель атындағы университет базасында өткен бұл ауқымды іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 235 педагог жиналған. Қатысушылар бес түрлі бағыт бойынша білім беру жүйесіндегі үздік идеяларымен бөлісіп, кәсіби біліктіліктерін сынға салды.
Осындай маңызды білім бәйгесінде өңір намысын қорғаған Гүлфариза Қуанғалиқызы «Білім беру жүйесіндегі менеджмент» бағыты бойынша «PDSA – сапа менеджменті» тақырыбында өзінің тың идеясын ұсынып, жүлделі үшінші орынды қанжығалады. Бұл жетістік – ұстаздың жаңашылдығы мен кәсіби шеберлігінің айқын көрінісі екені даусыз.
Жүлдегер ұстаздың айтуынша, аталмыш фестиваль – тек педагогтардың кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, үздік тәжірибелерді кеңінен насихаттап, білім беру сапасын жетілдіруге мүмкіндік беретін бірегей алаң.
Байқау барысында Гүлфариза Қуанғалиқызы ұсынған «PDSA – сапа менеджменті» моделі – білім беру үдерісін жүйелі түрде жетілдіруге арналған тиімді әдіс. Бұл тәсіл жоспарлаудан бастап, орындалу нәтижелерін талдап, қажетті түзетулер енгізуге дейінгі кезеңдерді қамтиды. Алдымен мұғалімдер нақты мақсаттарды айқындап, жұмыс жоспарын құруға мән береді. Жоспар жүзеге асырылған соң орындалған жұмыстың нәтижелері сараланып, кемшіліктері мен жетістіктері талданады. Осы талдаулар негізінде білім беру үдерісін одан әрі жақсартуға бағытталған өзгерістер енгізіледі.
PDSA әдісі – оқу-тәрбие үдерісінің сапасын арттырып қана қоймай, білім беру ұйымындағы басқару тиімділігін жетілдіруге, педагогикалық ұжымның кәсіби шеберлігін дамытуға ықпал ететін қуатты құрал. Ұстаздың бұл жаңашыл бастамасы еліміздің әр өңіріндегі білім беру мекемелерінде табысты қолданыс тауып, сапалы білімге қол жеткізу жолында игі нәтижелерін көрсететіні сөзсіз.
– Атырау облысынан бұл фес-тивальге 7 педагог қатысып, оның алтауы жүлделі орындарға ие болды. Исатай ауданынан бәйгеге түскен жалғыз мен едім. Республикалық деңгейдегі осындай ауқымды білім сайысында өңірімнің намысын қорғау – мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Бұл фестиваль маған кәсіби қарым-қатынасты кеңейтіп, әріптестерімнің озық тәжірибесімен танысуға, өзімнің де жинақтаған әдістемелік идеямды ұсынуға мүмкіндік берді. PDSA сапа менеджменті моделін ұсынып, үздіктер қатарынан көрінгенім – кәсіби ізденісімнің нәтижесі деп білемін. Егер бұл әдіс еліміздің түкпір-түкпіріндегі білім ордаларында білім беру үдерісін жақсартуға, басқару сапасын арттыруға өз септігін тигізсе, еңбегімнің ақталғаны осы болмақ,-дейді Г.Калидуллина.
Жүлдегер – кәсіби жетістікке тұрақты түрде қол жеткізіп келе жатқан ұстаз. Ол бұған дейін де Атырау қаласында өткен «Педагогикалық идеялар фестивалінің» облыстық кезеңінде жүлделі орын иеленген болатын. Ұстаздық жолында әрқашан білімін жетілдіріп, жаңашыл әдіс-тәсілдерді тәжірибеге енгізуді мақсат тұтады. Оның жетістігінің басты себебі – үздіксіз ізденіс пен біліктілікті арттыруға деген ұмтылыс. Өз пәнін жетік меңгерумен қатар, басқарушылық қабілеті мен көшбасшылық қасиеттерін ұштастыруында.
Әрине, бұл жетістік – тек жеке табыс қана емес, ауданның білім саласының әлеуетін көрсететін айқын дәлел. Оның табанды еңбегі мен жаңашылдыққа ұмтылысы – өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына қосылған сүбелі үлес. Осындай кәсіби білігі мен ізденісі ұштасқан ұстаздар аудан мақтанышы ғана емес, еліміздің білім беру жүйесінің жарқын келешегіне жол ашпақ.
Жайна ИСЛАТ
Исатай ауданы