Қосымша білім – заман талабы

Бүгінгі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі оң өзгерістерге қосымша білім беру саласының қосып отырған үлесі өте зор.

Мәселен, аудандағы оқушылардың шығармашылық орталығында ғылыми-техникалық, туристік-өлкетану, тілдік, математикалық-экономикалық, әскери-патриоттық, эстетикалық-көркемдік, экологиялық-биологиялық бағыттар бойынша 20 үйірме жұмыс жасайды.

Аталған үйірмелердің 2017-2018 оқу жылындағы ұтымды жұмысының нәтижесінде 730 оқушы қосымша білім берумен қамтылды. Бұл жұмыстарды үйлестіре орнықты жүргізу үшін орталықтың бес жылдық даму жоспары жасақталып, алдымен мекеменің заманауи технологиялармен, керек-жарақтармен уақтылы қамтылып отырылуы жайы ойластырылды.

Мұның өзі шәкірттің белсенділігі мен бәсекеге қабілеттілігін ұдайы ұштап, талабын жігерлендіріп отыруға, ынтасын көтермелеуге негіз қалайды. Сондықтан да болашақта оқушылардың қызығушылығын арттыра түсу мақсатында технопарк жасақтау көзделіп отыр.

Ол үшін материалдық-техникалық базаны жетілдіру мақсаты алға шығады. Қажетті қаржыға сұраныс та беріліп қойылды. Осы бағытта жұмыс істейтін мамандардың білімі жетілдіріліп, курстарға жіберу ісі де қатар іске асты. Қазірдің өзінде 3 педагог республикалық, екеуі облыстық білім беру курстарынан өтті.

Сонымен қатар аудан мектептерімен де байланыс жолға қойылған. Олармен біріге отырып, коучингтер, семинарлар, тәжірибе алмасулар жиі өтіп келеді. Сондай-ақ оқушыларымыз басқа да облыстардағы ғылыми-техникалық орталықтармен байланыс орнатып, жиі саяхатқа шығып, шеберліктерін шыңдаумен айналысуда.

 Ақтөбе, Орал, Балқаш, Алматы, Өскемен, Астана, тағы басқа қалалардағы шығармашылық орталықтармен байланыс жасап, жас техниктер стансалары жұмыстарымен танысты. Туристік-өлкетану үйірмесінің жұмысы да жолға қойылған. Соның нәтижесінде соңғы үш жылда облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болудамыз. Бұл жұмыстар алдағы оқу жылында да жүйелі іске асатын болады.

Айнагүл ЖАНҒАЛИЕВА,

аудандық оқушылар шығармашылық

орталығының бөлім меңгерушісі.

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT