Мені әр кез мектеп пен ата-аналардың арақатынасы алаңдатады. Сол себепті қаламның қуатымен ойымды оқырмандармен бөлісуді жөн көрдім.
Шындығында, мектеп пен отбасылық тәрбие мәселесі әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Нақты айтқанда баланың мінез-құлқы, айналасындағы әлемге көзқарасы отбасында қалыптасады. Сондықтан тәрбие дұрыс болса қазіргі кезде Қазақстан мектептерінде орын алып жатқан жасөспірім оқушылардың ащы су, шылым сынды зиянды дүниелерге әуес болуы, тіпті, өзіне-өзі қолжұмсауы сынды жантүршігерлік жайттар орын алмас па еді. Осы ойдың жетегінде өмірлік әрі ұстаздық тәжірибемде көрген-білгенімді ортаға салуды ұйғардым. Мәселен, өткен ғасырдағы білім беру ұйымдарында ата-ана ұйымдары және «Білім» қоғамдық ұйымы жұмыс істеп, тәрбие мәселесіне біркісідей атсалысқан еді. Олар қандайма мекеме, кәсіпорындар болмасын, соған барып ұстаздар дәрістер оқыса, ата-аналар сол дәрістерден өзіне қажетті көп мағлұматқа қанығатын. Дәрістерде көбіне рухани тұрғыда адамгершілік қағидалары, ғалымдардың тәрбиеге қатысты айтқан даналықтары айтылатын.
Айталық, атақты ұстаз В.Сухомолинскийдің педагогикалық шығармалары менің жаныма жақын болды. Оның «Десять нельзя» шығармасы көп дүниені үйретеді. Ата-аналар осыған мән берсе игі еді. Әдепке жатпайтын ол 10 қағида қандай десеңіз, онда төменге назар аударыңыз:
*Бәрі еңбек етіп жатқанда, қолқусырып жүрме;
*Қарттық пен қарттарға күле қарама. Өйткені адамзаттың ең асылы солар, сол кезең.
*Өзіңнен жасы үлкендермен, сыйлы адамдармен, әсіресе, қарттармен тәжікелеспе;
*Өзіңде болмағаны үшін өзгені жазғырма...ата-анаңнан оны талап етуге қақың да жоқ;
*Ата-анаңның өзіне қимағанды саған бергенін талап етпе...Себебі, «менікі» деген арам ой – жанның жауы;
*Әр ісіңді үлкендердің көзімен сарапта. Олар тыйым салған заттардан (іс-әркеттен) аулақ бол;
*Ешқашан өзіңнен үлкендерді (ата-анаң, бауырларың)жалғыз қалдырма: әсіресе, анаңды;
*Үйдегі үлкендердің рұқсатынсыз әрі ақылын алмай тұрып жолға шықпа, соның ішінде атаңның ақылына құлақ түр;
*Үлкендерден бұрын ауқаттануға дастарханға отырма;
*Өзіңнен үлкен адамдар тұрып тұрғанда сен отырма. Әуелі өзің амандас, қоштасарда сау болуын тіле.
Мұның бәрі-адамгершілік құндылықтары.
Сол секілді, тәрбие жайына келгенде ата-аналар Абайдың қарасөздеріне де үңілгендері дұрыс. Әрбір қара сөзде мінез-құлықты тәрбиелеу ұлағаты жатыр. Әсіресе, Абайдың 15, 17, 18, 31 мен 32-ші қарасөздерін оқуға кеңес етемін.
Құрметті ұстаздар мен ата-аналар! Мен бүгін рухани бай, көзқарасы биік тұлға тәрбиелеудің қағидаларымен таныстырдым. Осы арқылы барлық ұстаздарды бала тәрбиесіндегі тәжірибелерін оқырманмен бөлісулерін сұраймын.
Б.ҚАРЕКЕШОВА,
ардагер-ұстаз.