«Келешек мектеп»: мұнда тар бөлме мен қақыраған қабырға жоқ

Мұнда тар сыныптар, ескі парталар мен қираған қабырғалар жоқ. №50 жаңа мектеп мүлде өзгеше: кең, жарық әрі ыңғайлы. «Келешек мектеп» жобасы бойынша салынған бұл оқу орны 1200 оқушыға арналған. Өткен жылы есігін айқара ашқан мектеп қазірдің өзінде балалар қуана келетін орын бола алатынын дәлелдеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

География пәнінің мұғалімі Маржан Асанқызы бұл мектепте ашылған күнінен бастап жұмыс істейді және өз әсерімен қуана бөліседі:

— Алғашқы күннен-ақ бұл жерде мұғалім мен оқушы үшін бәрі қаншалықты мұқият ойластырылғанын байқадым. Кең әрі жарық сыныптар, жиһазбен жабдықталған демалыс аймақтары — мұның бәрі ерекше атмосфера қалыптастырады. Мұндай жағдайда оқу да, оқыту да — шын мәнінде бір ғанибет.

Педагогтың айтуынша, география кабинеті заманауи құралдармен жабдықталған:

— Бізде глобустар, 3D-карталар, материктер мен елдердің қабырғалық карталары, атластар, контурлық карталар, жер бедерінің модельдері бар. Сонымен қатар барометр, термометр, компас, микроскоптар қолданамыз. Әрине, интерактивті тақтасыз сабақ өтпейді — ол оқу процесін көрнекі әрі қызықты етеді. Мұндай жағдайда география пәні өмірмен тығыз байланысты, тартымды сабаққа айналады.

Мектеп жаңа стандарттар мен инклюзивті білім беру қағидаттарына сай салынған. Мұнда ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың білім алуына барлық жағдай жасалған.

— «Келешек мектепте» кедергілер жоқ — не физикалық, не моральдық. Пандустар, лифтілер, бейімделген санитарлық тораптар, арнайы кабинеттер бар. Ерекше балаларға қолдау көрсететін мұғалімдер мен мамандар жұмыс істейді. Бұл өте маңызды — әр бала өзін жайлы сезінуі тиіс, — деп атап өтті Маржан Асанқызы.

Мектептің инфрақұрылымы да ерекше назар аударарлық. Мұнда химия, физика, география, биология, робототехника, информатика, музыка және бейнелеу өнері кабинеттері жұмыс істейді. Барлығы заманауи техникамен — интерактивті тақталармен, цифрлық микроскоптармен, компьютерлермен және оқушылардың өздері құрастырған роботтармен жабдықталған.

— Маған мектептің тек сабақпен шектелмейтіні ұнайды. Бізде үлкен спорт залы, акустикасы жақсы акт залы, жайлы кітапхана бар. Тіпті психологиялық демалыс бөлмесі де қарастырылған, — дейді педагог.

География пәні мұғалімінің айтуынша, оқушылар да білімге жаңаша көзқараспен қарай бастаған:

— Балалар сабаққа қуана келеді. Олар белсендірек, зейіндірек, қызығушылықпен оқуға кіріседі. Мектептегі атмосфера оларға ұнайды. Бұл бізге, мұғалімдерге де шабыт береді.

Одан мұндай мектеп болашаққа салынған инвестиция ма деп сұрағанда, Маржан Асанқызы еш ойланбастан жауап береді:

— Әрине. «Келешек мектеп» — заманауи білім беру қандай болу керектігінің жарқын үлгісі. Мұнда балалар тек білім алып қана қоймай, ойлануға, дүниені тануға және өз-өзіне сенуге үйренеді. Бұл — еліміздің болашағына жасалған шынайы инвестиция.

Амандық АБДОЛ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT