Қашықтан оқытуды оңтайландыратын робот: оқушыға көмекші смарт құрылғы жасалды
Жас өнертапқыш Ерікұлы Бекарыс оқушыларға қашықтан көмек көрсетуге арналған интеллектуалды смарт робот ойлап тапты. Бұл құрылғы заманауи білім беру үрдісін тиімді етіп, мұғалім мен оқушы арасындағы өзара байланысты жеңілдетуді мақсат етеді.
Роботтың құрылымы ерекше: төменгі бөлігі төртбұрышты негізден тұрады, ал жоғарғы жағы үшбұрышты призма пішіндес ПВХ қаңқамен жабдықталған. Қаңқаның ішінде шағын дисплей орналасқан, ал ең жоғарғы бөлігінде планшет қойылған — ол роботтың “басы” қызметін атқарады.
Құрылғы Bluetooth арқылы смартфонмен байланысып, пайдаланушыға оны қашықтан басқаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Wi-Fi арқылы планшеттен видеобайланыс орнатылады. Бұл мүмкіндік оқушы мен мұғалім арасында интерактивті қарым-қатынас жасауға жағдай жасайды.
— «Бұл роботты білім беру үдерісін технологиямен толықтырып, оқушыларға нақты көмек көрсету үшін жасадым. Ол тек оқушыларға емес, басқа да мекемелерде тиімді қолдануға болады», — дейді жоба авторы Ерікұлы Бекарыс.
Роботтың негізгі мүмкіндіктері:
• Смартфон арқылы қозғалысты басқару
• Планшет арқылы тікелей видеобайланыс орнату
• Дисплей арқылы мәтіндік немесе графикалық ақпаратты көрсету
• Қосымша сенсорлар мен модульдерді (температура, қозғалыс, дыбыс және т.б.) орнату мүмкіндігі
Жобаның болашағы зор: робот тек білім беру саласында ғана емес, ауруханаларда, қоғамдық мекемелерде, клиентпен байланыс қажет ететін басқа салаларда да тиімді көмекші құрал бола алады. Бұл мекемелерде жобаны іске қосу 1 қыркүйекке жоспарлануда. Қазіргі уақытта жобаның тек 80 пайызы аяқталды. Өнертапқыштың айтуынша, бұл жоба 5-10 жыл аралығынды қызмет етеді.
Ерікұлы Бекарыс алдағы уақытта құрылғыны жасанды интеллект элементтерімен толықтырып, автономды жұмыс істеуге бейімдеуді жоспарлап отыр.
Хұсни ХАМЗА