ИНДЕРЛІК МҰҒАЛІМДЕР – ӨНЕР БӘЙГЕСІНДЕ

«Атырау көктемі» деген атаумен білім қызметкерлері арасында аудандық фестиваль өткізілді. Мақсаты – білім және ғылым саласының көркемөнерпаздық шығармашылықпен айналысатын дарынды қызметкерлерді анықтау, олардың шығармашылық мүмкіндіктерін ұштау, қолдау көрсету.

Шараны салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы аудандық филиалының төрайымы Қалжан Ахметова ашып, барлық қатысушы ұстаздарға сәттілік тіледі. Аталған фестивальге аудандағы білім беру мекемелері мен Индер көпбейінді ауылшаруашылық колледжінен барлығы 43 мұғалім дәстүрлі ән, көркемсөз, хореографиялық өнер және эстрадалық ән бағамдары бойынша сынға түсті. Фестивальді дәстүрлі ән орындаушылар бастады.

Тоғыз қатысушы бірі домбыра, бірі баянмен тамылжыта ән шырқап, көңілді бір серпілтті. Нәтижесінде Қ.Абаханов атындағы орта мектеп мұғалімі Руслан Юдин халық әні «Япурайды» орындап, І орынды иеленсе, ІІ орынды Индер көпбейінді ауыл шаруашылық колледжінің оқытушысы Өтеген Нұрмағанбетов (халық әні «Ақсұңқар»), ІІІ орынды Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің мұғалімі Қапашева Айдана (Ғарифолла Құрманғалиевтің әні «Салем, Қазақстан») жеңіп алды. Келесі кезекті эстрадалық ән орындаушылар жалғап, оған он бес мұғалім қатысты.

Қорытынды бойынша «Көктем» қазақ орта мектебінің мұғалімі Тимур Нұрмағанбетов «Рахмет, саған, туған ел» әнімен І орын, Индер көпбейінді ауылшаруашылық колледжінің оқытушылары Айдос Жанғалиев пен Бағдат Абенов «Атырау – арман» әнімен ІІ орын, оқушылар шығармашылық орталығының әдіскері Гүлжан Шакимова «Ауылға барамын» әнімен ІІІ орын иегері атанды.

Одан әрі ортада хореографиялық өнер номинациясына қатысушы алты үміткер қазақ, орыс, испан халқының билерін мың бұрала билеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Нәтижесінде Жамбыл атындағы орта мектебінің «Шабыт» тобы орыс биі «Калинкамен» І орынды, «Айналайын» балабақшасының бишілер тобы «Көктем» биімен ІІ орынды алса, М.Сиранов атындағы орта мектептің қатысушысы Рита Жанесеева өзбек биімен ІІІ орынды иеленді. Фестивальды көркемсөз оқушылар қорытындылады. Бұл бағам бойынша барлығы он үш үміткер сынға түсіп, «Тастама» монологын орындаған Салтанат Избасарова («Балбөбек» балабақшасы) І орын, «Қоқыс жәшігіндегі шарана мұңы» монологын оқыған Алтынай Гарифуллина (М.Сиранов атындағы орта мектеп) ІІ орын, Ф.Оңғарсынованың «Айналайын, ауылдың адамдары-ай» өлеңін оқыған Айнұр Бауыржанова (С.Сейфуллин атындағы орта мектеп) ІІІ орын жүлдесін олжалады.

«Атырау көктемі» фестивалі аясында сынға түскен қатысушылар арасында өзіндік мәнерімен, дауыс ырғағымен, дайындығымен көрінген мұғалімдер барын айта кеткен жөн. Атап айтсақ, М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын нақышына келтіре оқыған Ардақ Шаймарданова, Т.Айбергеновтың «Ана» өлеңін оқыған Айгерім Ағыраева, халық әндерін орындауда Жұлдызай Құлғалиева, Гаухар Құтжанова, эстрадалық ән жанры бойынша Мөлдір Оңдағанова, Жұпар Қалиева, Гүлайым Нұрғуатқызы, Толғанай Ексебаева салған әндер қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленгені анық.

Сайыс жеңімпаздары мен барша қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан диплом мен естелік сыйлықтар табысталды. Ал, аталған фестивальде әр бағам бойынша І орынға ие болған қатысушылар алдағы уақытта өтетін облыстық кезеңге жолдама алды.

Ендеше, жерлестерімізге сәттілік тілейміз.

Ж.НАРИМАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT