Жалпы білім беру мекемелерінің 9-11 сынып оқушылары арасында олимпиада өтті. Дарынды балаларды анықтау, жеке пәндер бойынша дарындыларды тану мақсатында өтіп жатқан олимпиада биыл бірінші рет электронды форматта өтуде.
Кенттегі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп базасында барлығы 326 оқушы химия, биология, физика, математика, география, информатика пәндерінен, қоғамдық-гуманитарлық бағытта қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі, орыс тілі және әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі, Қазақстан тарихы, құқықтану негіздері, француз тілі, ағылшын тілі, неміс тілі, өзін-өзі тану пәндерінен сынақ тапсырды. – Биылғы олимпиада ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Аудандық кезеңнің жеңімпаздары Республикалық олимпиаданың келесі облыстық кезеңіне қатысады, ал облыстық кезең 28 ақпан мен 5 наурыз аралығында өтеді,- дейді Атырау облыстық білім беру басқармасы әдістемелік орталықтың әдіскері Маргарита Исмағұлқызы. «1 компьютер – 1 оқушы – 1 камера» принципі бойынша «Oqylyq» платформасы арқылы өтіп жатқан олимпиада да қатысушыларға тапсырмаларды алу үшін жауап бланкісі, жеке логин мен пароль беріледі. Ал, қатысушылар берілген 2 сағат уақытта жауап беріп үлгеруі қажет.
Олимпиадаға қатысушылардың бірі, Б.Нысанбаев атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Таңшолпан Медет 8 сыныптан бері химия пәнінен олимпиадаларға қатысып, жетістікке жетіп жүр.
–Мені үнемі түрлі сайысқа дайындап, білгенін үйретіп жүрген ұстазым Бибігүл Дармухановаға алғысым шексіз. Бұған қоса Атырау қаласындағы «Достық» білім беру орталығының 1 жылдық тегін оқуын ұтып алғаным көп көмектесуде, - дейді ол бізбен әңгімесінде.
Олимпиада қорытындысы бойынша 139 оқушы І, ІІ, ІІІ орынға ие болса, І орын алған 21 оқушы республикалық олимпиаданың ІІІ кезеңіне жолдама алды.