Он бір жыл мектеп қабырғасында білім алып жатқан шәкірттер үшін маңызды айлар басталды. Жарты жылдан соң жаңа өмірге қадам басатын олар алдымен ҰБТ сынағынан сүрінбей өтуі тиіс.
Аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Шәрбану Сабировадан білгеніміздей, биыл ауданымызда 11 сыныпты 329 түлек бітіреді. Оның 230-ы қаңтар-ақпан айында өтетін тестілеуге өтініш білдірген. Соның 22- сі қаңтар айында тапсырып үлгерді. Ал қалған 208-і ақпан айында тапсыратын болады. Жалпы 2017 жылдан бері ҰБТ оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, Қазақстан тарихы және мектеп бітіруші түлектің мамандығына қарай таңдалған екі бейіндік пәннен өткізіліп келеді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің мәлімдеуінше, 2022 жылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар ҰБТ тапсыру үшін қосымша уақыт беріледі екен.
– Келесі жылы көру, есту, тірекқимыл аппаратының функциялары бұзылған оқуға түсушілер негізгі 240 минуттан басқа тестілеу тапсырмаларын орындау үшін қосымша 40 минут алады. Яғни, олар ҰБТ-ны басқаларға қарағанда ұзағырақ – 4 сағат 40 минут ішінде тапсыра алады, – деген еді ол өз сөзінде. Жоғары оқу орындарына ақылы оқуға қабылдану үшін қаңтар, наурыз, тамыз айларында өткізілетін тестілеуге түлектер 5640 теңге төлеп, өз қалауынша қатыса алады. Арнайы сертификат та беріледі.
Ал, грант конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін негізгі ҰБТ-ны маусым айында тек бір рет өткізу жоспарлануда. Аудан бойынша түлектердің ішінде 23 оқушы «Алтын белгіге», 9 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер екен. Солардың бірі – «Алтын белгіге» үміткер Махамбет атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Ләззат Жамбылқызы. Ол тынбай дайындалып, нәтижелі еңбек етсем бұл сынақты бағындыратыныма сенемін дейді. Түрлі курстарға барып білімін де шыңдауда.
– ҰБТ – мектеп бітіруші үшін маңызды кезеңдердің бірі. Сондықтан мен дайындықты ерте бастадым. 2-3 жыл бұрын сурет саласына қызығушылығым басталды. Содан бастап түрлі курстарға қатысып, сабақ алудамын. Архитектор мамандығын таңдап отырғандықтан, болашаққа деген жоспарларым көп. Ал, ҰБТ туралы әлеуметтік желі мен ұстаздарымнан үнемі ақпарат алып отырамын.
Бұйырса, ақпан айында тест тапсыратын боламын. Жеке кабинет арқылы тіркеліп, күні мен орнын таңдадым. Енді жақсы нәтиже көрсетемін деп сенемін, - дейді ол. Бұл сынақ оқып, талпынған адамға қиын соқпасы анық. Тек керекті білімді толығымен меңгеріп, үйреніп алсаңыз жеткілікті.
Ж.Нариманова