Атыраулық оқушылар «ақылды көзілдірік» ойлап тапты

Атырау Білім-Инновация лицейінің ХІ сынып оқушылары Гайдар Атағұлла мен Қайырхан Лұқпанов көру қабілеті нашар адамдардың өмірін жеңілдетуге бағытталған ерекше «ақылды көзілдірік» жобасын әзірледі. Жас өнертапқыштардың жасаған бұл жобасы халықаралық деңгейде танылып, Microsoft Imagine Cup Junior 2024 байқауында әлем бойынша 500 үздік жобаның қатарына енді.

Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарова хабарлады.

RikaAI – жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған инновациялық көзілдірік. Оқушылардың әзірлеген бұл жұмысы қарапайым әрі интуитивті бағдарламамен ерекшеленеді. Көзілдірікті саусақпен басып қосу арқылы пайдаланушылар оған дауыстық командалар бере алады, яғни көзілдірікпен тікелей өзара әрекеттесіп, ыңғайлы пайдалана алады.

RikaAI ақпарат беру, мәтінді оқу, нысандарды анықтау, суреттерге қол қою секілді негізгі төрт қызметті атқарады.

Гайдар мен Қайырханның айтуынша, олардың басты мақсаты – RikaAI айналасында пайдаланушылардан құралған достық қауымдастық құру. Олар жаңа технологияны жетілдіру барысында пайдаланушылардың пікірлерін тыңдап, олардың қажеттіліктеріне сәйкес түзетулер енгізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, көзілдірікті кеңірек насихаттау және қолжетімділікті арттыру мақсатында әртүрлі құқық қорғау ұйымдарымен серіктестік орнатуды көздейді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бүгінде әлемде 2,2 миллиардтан астам адам көру қабілетінің бұзылуынан зардап шегеді. Гайдар мен Қайырханның бұл бастамасы осындай проблеманы азайтуға және көру қабілеті нашар адамдардың өмірін жеңілдетуге үлкен қадам болып отыр.

Гайдар мен Қайырхан бұл жобаны одан әрі дамытып, көру қабілеті шектеулі жандардың өміріне нақты өзгеріс енгізетін құралға айналдыруды мақсат етуде. Олар алдағы уақытта түрлі халықаралық конкурстарға қатысып, «ақылды көзілдірікті» көпшілікке қолжетімді етуді жоспарлауда.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT