Атыраулық оқушы ақылды үйге арналған жаңа құрылғыны ойлап тапты

Атыраулық оқушы Арсен Аманжолов заманауи технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін біріктіре отырып, "ақылды үйдің жүрегі" бола алатын жаңа құрылғыны жасап шығарды. SICI (Smart Internet Climate Informer) деп аталатын бұл құрылғы үй ішіндегі микроклиматты бақылап қана қоймай, тұрмыстық техниканы да автоматты түрде басқаруға мүмкіндік береді. Ол бұл жобаны екі айда жасап шығарды. 

Құрылғы ESP32 микроконтроллері мен DHT22 сенсорына негізделген. Ол бөлмедегі температура мен ылғалдылықты нақты әрі үнемі бақылап отырады. Егер температура белгіленген шектен асып кетсе, құрылғы Blynk платформасы арқылы Яндекс Алисаға сигнал жібереді. Осылайша, кондиционер автоматты түрде қосылады.
SICI құрылғысының тағы бір ерекшелігі — ол интернетке Wi-Fi арқылы қосылып, LCD экранда нақты уақыт пен ауа райы мәліметтерін көрсетеді. Уақыт сервер арқылы автоматты синхрондалады, ал ауа райы деректері үздіксіз жаңартылып отырады.
— «Бұл құрылғыны мен күнделікті өмірді жеңілдету үшін жасадым. Енді адамдар үй ішіндегі жағдайды қашықтан бақылап, тұрмыстық техниканы да смартфон арқылы басқара алады», — дейді өнертапқыш Арсен.
Құрылғы MQTT протоколы арқылы да жұмыс істейді, бұл пайдаланушыға құрылғы экранының жарығын смартфоннан басқаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Арсен болашақта құрылғыны инфрақызыл (ИК) таратқышпен жабдықтап, теледидар, жарық, желдеткіш секілді ИК-басқарылатын құрылғыларды да басқаруды жоспарлап отыр.
— «Мысалы, бөлмедегі ауа тым ыстық болса — желдеткіш автоматты түрде қосылады. Мұндай сценарийлер үйді жайлы етумен қатар, электр қуатын да үнемдеуге көмектеседі», — деп атап өтті Арсен.
Алдағы уақытта өнертапқыш құрылғыға дыбыстық басқару, сенсорлық бақылау және жасанды интеллект элементтерін қосуды жоспарлап отыр. SICI — бұл жай ғана ауа райын көрсететін құрылғы емес, болашақтың толыққанды ақылды үй жүйесінің негізі бола алатын инновациялық жоба.

Хұсни ХАМЗА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT