Қарапайым әрі адам мен қоғамға тек жақсылық ойлайтын мамандық иелері болса да, әлемдегі ең қауіпті қызмет түрі саналатын ақпарат қызметкерлері өткен аптада өздерінің кәсіптік мерекелерін атап өтті.
Бұл мерекеге орай «Атырау-Ақпарат» ЖШС-інде арнайы жиналыс өтіп, онда ұжым басшысы Баязи Әбдешев өз әріптестерін құттықтап, бірқатар марапаттар табыс етті. Марапат иелері арасында аудандық «Дендер» газетінің жас қызметкері Диас Айбаров та Алғыс хаттың иесі атанды.
Ал әріптесіміз Саламат Базарбаев Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен марапатталып, үлкен қуанышқа кенелді. Сонымен бірге Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалы ардагер журналист Кеңес Сахи «Журналистика ардагері – 2018» атанса, Сансызбай Базарбаевқа мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы шипажайға жолдама ұсынып, мерейін асырды.
Шағын ұжымдағы тағы бір зор қуаныш, бас редактор Жанай Амантурлин облыста «Аудандық (ведомстволық) газеттің үздік редакторы» танылып, арнайы байрақты иеленді. Спорт десе ауыздағы асын жерге қоятын индерлік журналистер атынан облыстағы шахматтан сайыстарға қатысқан корректор Ақмарал Бокирова бас жүлдені жеңіп алса, әріптесіміз Жанай Ислямғалиұлы екінші сатыға орналасып, жеңіс жолын жалғастырды.
Қаламдастарымыздың бұл марапаттары мен жеңістері алдағы жауапты да маңызды міндеттерді мінсіз атқаруларына тың жігер қосады деген үміттеміз. Қуаныштарыңыз құтты болсын, әріптестер!
С.БИСЕНОВ.