Мемлекет басшысы қасым-жомарт тоқаевтың «әділетті қазақстан. біртұтас ұлт. берекелі қоғам» атты қазақстан халқына соңғы жолдауында автокөлік сатып алу кезінде төленетін алым-салық мәселесіне жеке тоқталған болатын.
-Биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу керек. Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынамын. Бұл – іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара, - деген болатын Президент өзінің халыққа Жолдауында.
Бүгінде еліміздегі көліктердің 64 пайызы ескірген көрінеді. Яғни үштен екі бөлігінің зауыттан шыққанына 10 жылдан асып кетіпті. Қазір Индербордың көшелерінде шетелдік нөмірлі көліктер көбейгенін көруге болады. «Мерседес», «Тойота», «Киа», «Хонда» сынды әлемдік бренд көліктері толып жүр. Такси жалдасаңыз шетелдік көліктің қалағанына мінесіз. Шетел көлігінің сырт көзге әлі жап-жаңа болып жылтырап көрінгенімен, дамыған елдер үшін бұл әлдеқашан ескіқұсқы санатында.
Бұған дейін отандастарымыз Кавказ тауы асып, Армениядан шетел көліктерін айдап әкеле бастаған еді. Соңғы кездегі саяси ахуалға орай Каспий теңізі арқылы кемелермен әкелінуде. Биыл жазда Ақтау, Құрық порттарында болғанымда өзім де куә болдым, осы маршрутта Индердің жігіттері де шетелден көлік әкелуге әбден үйреніп алған. Ауылдағы ағайынның сұранысына сай таңдаған көлігін әкеліп береді.
– Жапония, АҚШ-тың ескі көліктері Қазақстанға қарағанда едәуір арзан. Сондықтан осында келіп жүрміз, - дейді ауылдың жігіттері.
Әрине, бұл мұхит асып келетін шетел көліктерінің көпшілігі бұрын апатқа ұшырап, қайта қалыпқа келтірілгені жасырын емес. Көлік сатып аларда оның бұрынғы күйі мен қалыпқа келтірілгені туралы мәліметін де ұсынады.
Оның үстіне соңғы жылдары Ресей нөмірлі автокөліктер де көбейіп барады. «Лада» маркаларының «Гранта», «Ларгус», «Калина» сынды жаңа нұсқаларымен бірге, қазір зауыттан шығудан қалған «6»,»7», «8»,»9», «10» модельдері де көп. Терістіктегі көршілер де ескі көліктерін бізге сатып пайда көрумен бірге ескі автокөліктерінен құтылуда. Әрине әлемдік бренд көліктермен салыстырғанда Ресей көліктерінің сапасына сын көп болғанымен, еліміздің көліктерімен салыстырғанда біршама арзанға шығады.
Қазақстандық нөмірлі «Лада Грантаны» елімізде бірнеше миллион теңгеге алғаннан гөрі, дәл осындай көлікті ресейлік нөмірмен 500, 600 мың теңгеге алған әлдеқайда арзан емес пе?! Оралдан сенімхат бойынша сатып алдық. Ешкім тоқтатып мазамызды алып жатқан жоқ, -дейді жергілікті жігіттердің қай-қайсысы да.
Ендеше, азаматтар ақшасын шытырлатып санап беріп, неге салоннан су жаңа көлік сатып алмайды деген сауал да туындауы мүмкін. Әрине, «Ең жақсы көлік – жаңа көлік» дегендей, жаңа көлік алғанға не жетсін. Ал жаңа көліктің бағалары ұшынып тұр. Осы орайда отандық автокөліктерді халыққа қолжетімді ету үшін елімізде жеңілдікпен несие беру бағдарламасын іске қосқан еді. Қара халықтың қамы үшін жасалған бағдарлама болғанымен оған көптің көңілінен шықты деп айтуға келмейді. Өйткені Ресейдің ең арзан көлігінің өзін құнын еселеп қайтаруға тура келеді екен.
Осылайша отандық авто өндірушілерді қолдау үшін соңғы жылдары шетелден әкелінетін көліктерге ірі көлемде салық пен баж салығы енгізілгенімен халыққа пайдасы тиер емес. Ал оның зардабынан шетелден әкелінетін көліктің бағасы аспандап кетті. Амалы құрыған азаматтардың көбі базардан қалтасы көтеретін ескі көлікті алуына тура келуде. Өкінішке орай, жан-жақтан ағылған осындай көліктердің ішінде елде криминалдық тарихы бар, техникалық регламентке сай келмейтіндері көбейіп кеткен. Ал оның зардабынан азаматтарымыз көбі алданып қалып, зардабын шегуде. Яғни, тұтынушы құқығы қорғалмаған. Сондықтан да ескі көлік нарығын тазалау, заңдастыру өте маңызды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, соңғы үш жылда 2 мыңнан астам заңсыз көлік құралы тіркеліпті. Мысалы, ресейлік есептегі 200 мыңнан астам көлік болса, соның 80 мыңы Ресей елінің есебінен шығарылған. Бірақ арада Қазақстанның есебіне қойылмаған көрінеді. Ресейлік көлікті Қазақстанға алаяқтық жолмен сатып, кейін иелері іздеп келген алып кеткен оқиғалар да кездеседі.
Осы орайда, Мемлекет басшысының заң аясынан тыс қалып отырған мұндай көліктер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретінін айта келіп, заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қоюға тапсырма берді. Бұл өз кезегінде көлік саласындағы берекетсіздікті жойып, тәртіпке келтіреді деген сенімдеміз.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ