«Журавли» әнін қазақша шырқады

Бүкіл адамзатқа қасірет әкелген Екінші дүниежүзілік соғыс зардабы әлі жазыла қойған жоқ. Соғыстың аяқталғанына сексен жылға жуықтаса да бауырларын іздеген жұрт жыл сайын көбейіп келеді. Биыл Хамидуллиндер отбасы Волгоград облысы, Калачев ауданы, Мариновка аулындағы «Бауырлар» зиратынан соғыста хабарсыз кеткен Сиратолла аталарын тауып, туған жердің бір уыс топырағын сеуіпті. Жалпы Хамидолладан 6 ұл, 1 қыз тарайды. Соның үшеуі сол кездегі Гурьев әскери комиссариаты арқылы майданға шақырылып, Ұлы Отан соғысына аттанған. Алдымен Әндір қолына қару алып соғысқа кіріп, бір аяғын ұрыс даласына тастап қайтады. Одан соң Сиратолла 1942 жылы 19 жасында Сталинградты қорғауға аттанып, осы Мариновка топырағында ерлікпен қаза табады. Үшінші ұлы Қарақойшы да елге аман келгенмен, бірде біреуі 70 жасқа жетпей, соғыс зардабы салдарынан өмірден өтеді.
Бауырластар зиратына баруды ұйымдастырған Нұрлан Хамидуллиннің әкесі Кеңес марқұм көп жыл біздің ауданда лауазымды қызметтер атқарып, ауыл шаруашылығы саласын басқарып айтулы еңбек етті. Ал ұлы Нұрлан сонау жылдары Ленинград тау-кен институтын бітіріп шыққан. Бүгінде Санкт-Петербургте тұрып, геологиялық барлау жұмыстарына қажетті құрал-жабдықтар шығаратын фирмада қызмет етеді. Сондықтан да Қазақстаннан барған барлық ағайындардың басын қосып, жол бастап жүреді.

snimok-ekrana-2022-07-14-093441
Мариновка ауылының басшысы А.Н.Никонов баршаны Жеңіс күнімен құттықтап, Отан үшін от кешкен жауынгерлердің ерлігі, оларға мәңгілік тағзым туралы тебірене сөйлейді. Одан әрі қазақстаннан барғандар атынан Тарғын Әндірұлы сөз алған соң, бір минут үнсіздік жарияланып, Бауырластар зиратына гүл-шоқтары қойылады. Келесі бөлімде көркем-өнерпаздардың концертіне ұласып, оны мариновкалық Оксана Ракудановой мен Бауыржан Хамидуллин жүргізеді. Біздің балалар домбырамен ән айтып, өнерлерімен мерекеге жиналғандарды тәнті етеді. Сондай-ақ қазақтың ұлттық дәстүрі бойынша ауыл басшысына шапан кигізіп, домбыра сыйлайды. Осындай әсерлі шарадан соң мерекелік дастархан жайып, ұлттық тағамдардан дәм ұсынады. Осы жерде Хамидуллиндер баға жетпес сыйлық ретінде Жарқын Кеңесқызы қазақшаға аударған «Журавли» әніне клип түсіріп, тамаша орындап береді. Әннің әсері соншалық мерекеге жиналғандар бір сәт ойға шомылып, соғыс қасіреті көздеріне жас алдырып ұйып тыңдайды. Осылайша «Журавли» әнінің қазақша нұсқасының тұсауы «Бауырлар» зиратында кесіліп, боздақтарға соғылған тағы бір ескерткіштей мәңгі есте қалды. https://youtu.be/lR6Ar0NzTyU

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT