Жолды жапқандар жазалана ма?

Қымбатшылықтан басталған тұрғындар наразылығы Өрлікте және Көктоғай, Есбол ауылдары мен Индербор кентінде де өтті.

Индербордың орталық алаңына жиналған тұрғындардың көбі газ бағасымен қатар қымбатшылыққа бейбіт түрде наразылықтарын білдірді. Олармен аудан әкімі Салауат Өтеғұлов кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, түсіністікке шақырды. Ал аудан прокуроры Абзал Сахиев ереуілдің заңсыз екендігін ескертіп, оған заңда арнайы жауапкершілік көзделгенін ескертті.

Алайда ереуіл әрмен қарай жалғасып, келесі күні орталық көпірді жауып, жүк көліктері және басқа да көліктер көпір үстінде тұрды. Жолаушылар қапшықтарын арқалап жаяулатып өтуге мәжбүр болды. Көпірдің аузынан ұйымдасқан түрде темір каркасты киіз үй әп-сетте құрылды. Көп кешікпей мал сойылып, киіз үй ішінде үстел орнатылып, ыстық шай мен ыссы тамақ дайындала бастады.

Киіз үйдің қабырғасына Қазақстанның Мемлекеттік туы ілінді, патриоттық әндер шырқалды. Дауыс күшейткіштер де аяқ астынан табыла қалды. Жалпы осы көріністердің бәрі тез арада жүргізіле бастауы тиянақты ұйымдастырылудың барын байқатты.

-Ауданның ақсақалдарымен бірге ереуілшілерге барып, басу айттық. Бірақ олардың көбі сөзге тоқтамады. Абырой болғанда ешкім жөнсіздікке бармады. Ереуілге негізгі мәселе болған газ бағасына қатысты бірден шешім қабылданды. Басқа да түйінді мәселелер туралы Парламент мәжілісінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасап, тиісті тапсырмалар берілді, - дейді аудандық ардагерлер алқасының төрағасы Өтеп Нұриев сөзге тартқанымызда.

Бұл жайды аудандық ішкі істер бөлімі сақшылары жіті бақылап тұрғанын байқадық.

- Күре жолды жапқаны және заңсыз ереуіл бойынша қылмыстық іс көтеріліп, бүгінде тергеу амалдары жүруде. Сонымен қатар елде жарияланған коменданттық сағат талаптарын бұзған 9 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды - дейді аудандық полиция бөлімінің басшысы Берікқали Жанұзақов.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521