"Жол картасы" бағдарламасымен ауданда биыл 1753 жұмыс орны ашылмақ

Жаңа жұмыс орындарын ашу кезек күттірмес күрделі мәселенің бірі. Осы орайда жергілікті билік қолда бар мүмкіндікке қарай «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасына үміт артып отыр.

 -Ауданда бірінші кезекте 10 жоба жүзеге асырылуға енгізілген. Оның ішінде бес жоба аудан орталығы Индербор кентінде болса, қалғаны ауылдық елді мекендердің инфра құрылымын дамыту бойынша жүзеге асырылады. Жобалардың аясында аудан бойынша 1753 жұмыс орыны құрылу керек болса, аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 877 жұмыс орынын ашу көзделген. Қазіргі уақытта үш жоба жұмысын бастады. Күні бүгінге 20 адам жұмысқа тартылды, - дейді аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Жеңіс ИҒАЛИЕВ. 

Жүзеге асырылатын аталған жобалардың ішінде Индербор кентіндегі орталық аллеяны күрделі жөндеуден өткізу жұмысы бар. Жұмысқа жауапты мердігер «ОңдасынСтрой» мекемесі өздеріне қажетті жұмысшыны жергілікті уәкілетті орган арқылы алуды көздеп отыр. Құрылыс жұмыстары да басталып кетті. Мердігер мекеме өз жұмысшылары үшін барлық қажеттіліктерді жасауға, жалақысын уақытылы төлеуге уәде берді.

- «Жол картасы» бағдарламасы бойынша біздер жергілікті халықтан 50 адамды жұмыспен қамтамасыз етеміз. Жеті ай бойынша жұмыстар біткенше жұмыс жасайды. Жағдайдың барлығын жасаймыз, жалақыларын уақытында төлейміз, - дейді учаске бастығы Марат КУМАРОВ. 

Жергілікті биліктің ойлағаны оңынан келіп әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған бұл жұмыстар лайықты жүзеге асар болса бұқара жұрттың алғысына бөленері анық.

Күні бүгінге ауданда ресми тіркелген 629 жұмыссыз болса оның ішінде 128-і тұрақты жұмыспен қамтылып үлгерген. Жоғары және арнаулы оқу орындарын бітіріп келген 10 түлек жастар тәжірибесі негізінде жұмысқа жіберілген.

Ал 90 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 250 адам ақылы қоғамдық негізде жұмысқа орналасты.

Сұңқар КӨШЕКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT