Жоғалған өлең

Дендер өңірінде не бір аузымен құс тістеген дүлдүлдер, батырлар мен билер дүниеге келіп, сауық-сайран құрып өткен. Өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасы болғанымен, есімі ескерусіз қалған ақындардың бірі - елтайлық жыр иесі Әнтеп Аманғалиұлының да өмірден өткеніне 20 жылдың жүзі тайып барады. Ал біздің жас толқын оқырманымыз осындай ақынның болғанын сірә да білмеуі мүмкін. Сіз не дейсіз?

Жеті класс білім бар,

Жеті құлаш тілім бар.

Тілімде жоқ жаманат,

Кеудедегі шыбын жан,

Бір құдайға аманат!

Сонау 1938 жылы, 28 желтоқсанда Елтайдағы «Кедей шаруа» орталығының жұмысшысы Аманғалидың шаңырағында шекесі торсықтай ұл дүниеге келгенде ауылдағы Мырза қарт:

-Балаларың біраз шетінеді. Ендеше, орыстың Антип деген ақынының атын қояйық,- деп ырымдапты. Оның үстіне екі үйлік пәтердің бір жағына жер аударылып келген кәрістер қоныстанып, бала Әнтепті көзден таса ұстап, көз тимесін деп емшектегі баласы бар көрші кәріс әйелге емізіп отырған. Қос ананың сүтінен нәр алған баланың балғын шағы осылай өтіп, 1945 жылы ауылдағы мектептен ел қатарлы 8 жылдық білім алады. 1946 жылы әкесі Аманғали ауыр науқастан қайтыс болып, Елтайдың ортасындағы ескі қорымға жерленеді. Апалары Тәбиләш, Күлпан және інісі Жәрдемді аналары Меңжан қанаттыға қақтырмай азамат қатарына қосып, өзі 1985 жылдары өмірден озады.

-Индерборда тұрамыз, ағам 4-5 класста оқиды. Мектепті жақсы тәмамдады. Әсіресе, әдебиетке құмар болып, кітаптан көз алмады. Өзі сияқты балаларды ертіп алып, Алпамыс батыр, Қамбар батыр жырларымен, «Мың бір түнді» жаттап өсті. Жаз болса Жайықтан шықпай, балық аулайды. Суда өте қатты жүзеді. Жайықтың арғы бетінде екі-үш ешкіміз болды. Соны шешеміз Тәбиләш сауып келіңдер деп жұмсайды. Сонда Әнтақаң кәтөлекті аузына тістеп алып, арғы бетке шалқалап жүзіп өтеді де, қайтарда сүтті алып пароммен келеді. Кейін 1955 жылдары қайтадан Елтайға келгенде Тәбиләш апам 8-ші классты бітіргесін мектептен шығарып алды да, қой бағуға өзіне көмекші қылып алды. Содан өмірі қой бағумен өтті,- дейді інісі Жәрдем өз естелігіндегі аға туралы толғанысында.

Расында да ақынның бүкіл ғұмыры «Аманкелді» атындағы қой совхозында шопан болумен өтті. Оны сол кезде фермада мал маманы болған Есентай Дәуітбаев:

- Ол кезде ақынның қадірін ұққан жан бола қоймаған шығар. Кілең шаруашылық адамдары ғой. Өйткені, олардың дүниетанымы басқа, өзгеше құбылыс, мал-мүлікке қызықпайды. Дегенмен ол кісі адал қызмет етті. Көптеген замандастарына өлең шығарды. Ешкімнің көңіліне қараған жоқ. Орайы келсе осып жіберетін мінезді болды. Оны өлеңінде өзі де айтады, - дейді өткен күндерді еске алып. Әңгімелерге қарағанда бастыққа жағынып, шалқып өмір сүрмеген, марапаттан ада өмір сүрген тәрізді. Тіпті саулық қой бағу да бұйырмай, тоқты бағумен өтіпті. Әрине, ақынға жарасатын мінез.

Құдайдан тілеп алған бал немерем,

Атаңа он бес жастан жабысты өлең.

Ұлдардың ешқайсысы өлеңге жоқ,

Өлеңді саған бермей кімге берем?!

Бұл жолдардан ақынның он бес жастан өлең өлкесіне қадам басқанын көреміз. Өкінішке орай дала мінезді дара ақын өлеңін шашудай шашып, бірақ жинауды білмеген. Ол туралы марқұм ақын Ибрайым Жәкиев: «Әнтеп тумысынан ақкөңіл, адал, ақжарқын, күл-бүлтені білмейтін, туысы болса да мінін тура айтатын, қисынды қалжыңмен ортаны думандатын отыратын сырлы сөздің шебері, табан астында тапқыш, әсерлі шумақтарды төгіп-төгіп жіберетін майталман ақын талай әріптестерімен айтысқа түсіп, төкпе жырымен тізе бүктіретін. Оның жырларында үйлесімді ұйқас, қайталанбас қасиет басым» деп жазған еді. Оның өлкетанушы Мәжит Мұхтаровпен өтірік өлең жанрында, басқа да ақындармен айтысы да бар. Талантты талант табады ғой, ақын Табылды Досымов Әнтеп шалды талай іздеп барып, ауданға келген қаламгерлерді таныстырып, жырын тыңдап, әңгіме дүкен құрған. Бұл туралы Ақжайықтың ақиық ақыны Сағынтай Бисенғалиев: -Индерге барғанда Табылдыға барып, ақын-жырауларды әңгіме қыламыз. Бір күні Әнтеп жайлы айтты. Сосын екеуміз тоқсаныншы жылдардың басы, жаяу шыққанбыз. Жайықтың арғы бетіне шықсақ бір түйе арба туарулы. Жақындасақ, Әнтептің өзі кемпірімен жантақ шауып жүр. Содан шал бізді көріп қуанып, жұмыс тәмам, арбамен үйге келдік. Мұнай айдау стансасында тұрады екен. Үйде жарық жоқ. Бір қошақанды домалатып қазанға салды. Әңгімесін айтты. Есенжол Домбаевпен бір класта оқыған екен. Бір күні оқып жүргенде Жайыққа барып, Есақаң суға кетіп қала жаздап құтқарып алыпты. Біраз өлеңдерін тыңдап, шер тарқаттық. Қарапайым қойшы болғанмен өлеңдерінің техникасы, ұйқасы мықты, сұмдық енді. Өте сөзге шешен, шебер екенін көріп таң қалдым,-дейді. Өкінішке орай, ақынның көптеген өлеңдерінің ізі қалмаған. Ол туралы ұлы Санат:

- Әкемнің өлеңдері көп. Соның ішінде арнайы жинаққа жарайтын өлеңдерінің бәрі жоқ. Дәптерден алып, жыртып бере бергенге ұқсайды. Соның ішінде атақты «То￾рыала аяқ» өлеңі бар еді,- дейді. Оның елден естуі бойынша 1959-60 жылдары күзде қойды теңіз жағасына «Гогольск» деген жерге айдап, 10-15 күн жолда жүреді. Күзгі қарасуық, қар аралас жаңбырға қарамастан түнде Гурьевтің жалғыз көпірінен малды Жайық өзенінің келесі бетіне өткізеді. Осы жолда адасып, біраз қиындыққа тап болып, жалғыз ғана астындағы «Торыала аяғын» жолдас қылып айтысады.

«Он бес қонып араға,

Біз беттедік қалаға.

Жағдайыңды сұрайтын,

Бір басшы жоқ арада...»-дейді де оған «Торыала аяқ» болып, өзіне жауап қайтарады екен.

-Кезінде Табылды Досымов әкемізге жаны ашып, өлеңдерін шығарамын деп жүретін. Ол кісі де өмірден өтіп кетті. Биыл әкеміздің өмірден өткеніне 20 жыл толды. Өлеңдерін топтастыру ойда болғанмен ештеңе таба алатын емеспіз,-деп налиды.

«Жайықтың жағалауы желкем екен,

Жалғасжан бұрынғыдай ерке ме екен?

Түсімде қара бура шабынып жүр,

Дәуренім енді қалған келте ме екен?»- дейді.

Иә, ақын өмірінің соңғы жағы мұңға толы. Өмірден түңілу, немерені аңсау, о дүниеге дайындалу. Тіпті, ақынның өмірі мұңсыз, қайғысыз болуы мүмкін де емес. Өйткені, онда халықтың қамы, қоғамның зары бар. Сондықтан да ақын жанын жейтін нәрсе көп екені сөзсіз. Әнтеп ақынның отбасы туралы да сөз қозғасақ 1960 жылы Тұрсын деген адайдың қызына үйленіп, одан 4 ұл, 4 қыз сүйеді. Қазір балаларының бәрі ер жетіп, дін аман өмірден өз теңдерін тапқан. Ал ақынның аңсайтын Жалғасы да бүгінде Құлсары қаласының тұрғыны. Үйлі-баранды, Теңіз қалашығында электрші болып қызмет атқарады. Сөз шебері 1988 жылы Төрт тұрбаға (НПС) көшіп келіп, өмірінің соңын осы жерде өткізеді. Қарапайым күй кешіп жүрген ақынға 2000 жылдың ақырып келген ақпанының 19-ы күні бұ дүниенің есігін жаптырады. Елтайдың ортасындағы ескі қорым мәңгілік мекеніне айналады. Балаларға бас-көз болып қалған Тұрсын апамыз да бұл күнде о дүниелік.

Міне, өлеңдері жоғалып, өзі де қоңыр тірлік күй кешкен өлеңшінің өмірлік ғұмырнамасы осылай жазылуда. Әнтеп ақын енді қайтып келмегенмен оның өлеңдері есімін мәңгіге жалғайды. Ендеше бізге «Торыала аяқты» іздеуден басқа амал жоқ.

Ж.АМАНТҰРЛЫ

Соңғы жаңалықтар

podpiska_kaz

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

COVID-19 инфекциясы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика