Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын жариялады. Онда қоғамға қажетті бірнеше тақырыпта сөз қозғалып, тиісті тұлғаларға тапсырмалар да берілді.
Соның ішінде «2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын» дегені маған қатты ұнады. Мен көптен бері кәсіптік білім беру мекемесінде ұстаздық қызмет атқарамын. Әрине, кәсіптік білім алған әр тұлға далада қалмайды. Оны Елбасы да айрықша атап өтті.
Президент: «Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады» дей келе, «Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», - деді.
Міне, табандылық пен адал еңбегінің арқасында белестерді бағындырып, қиындыққа төтеп берген әр қызметшінің, кәсіп иесінің еңбегі жоғары деңгейде бағаланатын болады. Бұл дегеніңіз – кәсіптік білімге де сұраныс артады деген сөз.
Анель Бейімбетқызы
Арнайы пән оқытушысы