Индер ауданның бас полицейі Б.Жанұзақов халық алдында есеп берді.
Аудан әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов ашып жүргізген жиында баяндама жасаған ол ауданда былтыр 64 қылмыс тіркеліп (2018 жылы -72), алдыңғы жылмен салыстырғанда 11,1% төмендегенін айтты.
Дегенмен, ауыр және аса ауыр қылмыс 7-ден 11-ге өскен, есесіне орта және жеңіл дәрежелі қылмыс 55-тен 35-ке азайғаны белгілі болды. Сонымен қатар полиция басшысы биылдан бастап қылмыстық кодексте орын алған өзгерістерден түсіндіріп өтті.
Мысалы, аталмыш кодекстің 120 бабы 1 бөлігіндегі зорлау ауыр қылмыс санатына көшіріліп, 5 жылдан 8 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы көзделген. Бұрын бұл қылмыспен бітімгершілікке келу мүмкіндігі болатын. Ал қазір қылмыстық іс тоқтатылуға жатпайды. 339-баптың 1- бөлігіндегі киіктерді заңсыз қолға түсіру, жою, оның ішінде мүйіздерін иемдену, сақтау, өткізу, тасымалдауы ауыр қылмыс санатына жатқызылған. Мал ұрлығы да ауыр санатты қылмысқа енді.
Тұрғындар арасынан сөз алған ардагер ұстаз Ғайни Габдуллина қыз баланың тәрбиесінің осалсып кеткенін көтерді. Ал өткен қараша айында Көктоғай ауылында бірнеше тұрғынның қорасы мен қысқа дайындаған шөбі бір мезгілде өртеніп кеткен оқиғаға қатысты тілшінің сұрағына жәбірленушілер тарапынан ешқандай талап арызы болмағандықтан қылмыстық іс көтерілмегені жайлы жауап берді.
Тұрғындар арасында басқалай сауал қоюшылар болмады.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ