Бес қонақтан кейінгі күн нұрын төккен қазіргідей сәуір айы бау-бақша қамына кірісер шақ. Кент тұрғындары да бақша егер жерін қопсытып, жеміс-жидектердің тұқымын дайындау жұмыстарына кірісіп кеткендері де бар. Осы орайда аудан орталығында жазғы су беруге дайындық жұмыстарын «Индерсу» КМК қызметкерлері қызу жүргізуде.
Жайық жағасындағы жазғы су айдайтын бірінші көтерілімнен су соратын насостарын жазғы маусымға майлап-сайлап дайындау үстінде екен.
- Алдымен насостарды іске қосып желі бойына су жіберіп тексеріп көреміз. Жөндеу қажет ететін болса ретке келтіреміз, - деді іс басында аталған мекеменің ауыз су және жазғы су тарату бөлімінің басшысы Ибатолла Ихласов.
Ал аталған мекеменің директоры Шалқар Алмурзиев күн жылы болса 20 сәуірден бастап жазғы суды тұрақты беруге дайындалып жатқанын атап өтті. Былтыр көктем кеш шығып, жазғы су мамыр айының ішінде берілген болса, биыл жөнді қыс болмады әрі көктем де ерте шығуда. Былтыр кент басында жазғы суға 1200 тұтынушы болса биылғы жаңадан қосылуға тілек білдіріп жатқандар да баршылық екен.
Дегенмен мекеме басшысы Ш.Алмурзиев тұтынушылар тарапынан ақысын төлеуге келгенде баяулап қалатындығын алға тартты.
Айта кетейік, кент басында жаңадан бой көтеріп жатқан «Болашақ» мөлтек ауданынан басқасына жаңадан жазғы су желілері жүргізілген болатын. Кенттегі жасыл белдеулер мен саябақтарды көгалдандыруға осы жазғы су құбырлары арқылы су жіберіледі. Ал аталған жаңа мөлтек ауданның да жазғы су желісін жүргізуге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын аудандық тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ақесен Ибрагимов атап өтті.
С.БАЗАРБАЕВ