Мемлекеттік органдардың азаматтық қоғаммен байланысын нығайту, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру арқылы мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету сынды маңызды міндеттер қоғамдық кеңестерге жүктелген.
Осы орайда мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы аудандық қоғамдық кеңесте талқыланды.
Жиын барысын аталмыш аудандық кеңестің төрағасы Асқар Үмітқалиев жүргізіп отырса, кеңеске ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің бас маманы Абылай Сисенов қатысты.
Кеңес барысында аудан әкімі аппаратының басшысы Гүлнұр Сүйеуова жергілікті атқарушы органдардың қызметтеріне «Жасырын тұтынушы» әдісімен жүргізілген бақылаудың қорытындысын жариялады. Бұл жобаның мақсаты – мемлекеттік қызметтердің заңнама талаптарына сай болуы, азаматтарға сапалы қызмет көрсету үшін қажетті жағдай жасау, әкімшілік кедергілер мен сыбайлас жемқорлықты болдырмау болатынын айтты.
Қоғамдық талқылау барысында Елтай ауылдық округінің әкімі Е.Дүйшім №086 сынды дәрігерлік анықтама алу үшін бірқатары дәрігер қабылдауында сырқаттармен бірге уақытын сарп етіп кезек күтіп отыруға мәжбүр болады. Жұмысын тез арада бітіру үшін сыбайластыққа баруы мүмкін. Сондықтан да бұл жұмыстың дұрыс ұйымдастырылуына, сыбайластыққа жол берілмесі үшін тұрғындарға тиімді жағдай жасалуына көңіл бөлінсе деді.
Қоғамдық кеңес қорытындысында жасалған баяндамалар мақұлданып, орын алған кемшіліктерді жою тапсырылды.
Материалдың толық нұсқасын "Дендер" газетінің 20.09.18 ж. №39 (8190) санынан оқи аласыздар.