Жасыл желек күтімсіз қалды

Индербор кентіндегі қыруар қаржы жұмсалып, көптеген жаңарту, жаңғырту жұмыстарының жүргізіліп жатқаны көңілді қуантады.

Бәрі де халықтың, ұрпағымыздың болашағы үшін істеліп жатқан жұмыстар болған соң бірқатар кемшіліктерін байқасақ та, соңынан түзелер деген үмітпен кешіріммен қарап жүрген жайымыз  жоқ емес.

Әрине, мұны мердігерлер мен олардың жұмысын бақылаушылар, тапсырыс беруші  тұрғындардың бұл жайды көрсе де көрмеген болады немесе жайбарақаттығы деп түсінбегендерін сұрар едім.

Соңғы кезде кәріз суы желісін тартушылар теп-тегіс жолдың барлығын дерлік көше-көше бойынша тілгілеп, тіпті бірқатар тұста онсыз да қысқа жолдың енін алып тастағанын көріп жүрміз. Бұрын қос машина әзер сиятын жолға енді біреуінің өзі қорқынышпен жүретін халге жетті.

Қазір ештеңе емес, ертең қыстың қарлы, мұздақты күндері жазатайым қайғылы оқиға орын ала қалса кім жауапты болады?  Соны бүгіннен неге ойламайды екен деп таңғаламын.

Сонымен бірге жуықта ғана үлкен даумен қомақты қаржыға салған әр тұстағы тротуарларды терең шұңқырларды қазған ауыр тракторлар таптап, қиратып кетіп жатыр. Қазір өзге емес, орталық Д.Қонаев көшесінің бойындағы өздері де әуелден сапасыз салынған тротуарлардың бірнеше жері қирап жатыр.

Жүргіншілер шұңқырларды емес, енді тротуардың өзін айналып өтетін халге жетті. Мердігерлер де сырттан келген жоқ қой, жауапкершілік неге сұралмайды? Бақылаушылар, кент басшылығы неге қарамайды, неге талап қоймайды? Оны қалпына келтіру үшін бюджеттен тағы қаржы шығару керек пе?! Сол секілді орталықтағы Бейбарыс аллеясындағы үйлер мен жолдарды, қақпаны, жасыл желектерді де жаңғырту, күтім жасау жұмыстары сын көтермейді. Бұл көше кентіміздің айнасы емес пе?!

Ұмытпасам жылдан асқан шығар, көшедегі бағандарға пластмасса гүлдер іліп қойылды. Олардың жаз түгілі қыста ілініп тұруы көрер көзге ұят.

Ал жасыл желегін үнемі суарып тұруға бір жауапты тұлғаны бекітіп,  жұмысын сұрауға болмай ма?! Артық айтсам, алдын ала кешірім сұраймын.

Күләш ҚҰСАЙЫНОВА,

ардагер мұғалім.

 Кент тұрғыны.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT