Аудандық мәдениет үйінде студенттер мен мектеп оқушыларының арасында театрланған көрініс байқауы өтті.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Дендер» жастар қоғамдық бірлестігінің «Атырау – адалдық алаңы» жобасы аясында ұйымдастырған байқауына жеті команда қатысып, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу бағытындағы көріністерін сахналады.
Әуелі Махамбет пен Аққала орта мектебінің оқушылары жастардың Отан алдындағы әскери міндеттерін орындаудан бас тартуының салдарынан, кейде сыбайлас жемқорлыққа жол беріліп жататынын, ал М.Әуезов атындағы орта мектеп пен аудандық көп бейінді ауыл шаруашылығы колледжі жоғары оқу орнына түсудің жеңіл жолы пара беру екендігін жеткізді. С.Сейфуллин атындағы орта мектеп командасы жастар өмірінде парасыз білімнің маңыздылығын ұғындырып, білім арқылы ойлаған мақсаттарына қол жеткізе алатындықтарын ұқтырса, Жамбыл атындағы орта мектеп қоғамда орын алып жатырған келеңсіздіктен бойды аулақ ұстауға, теріс жолмен келген дүниенің жақсылығы болмайтындығын баяндады.
Соңғы болып өнер көрсеткен «Көктем» қазақ орта мектебі оқушылары сыбайлас жемқорлық сот саласында да кездесетіндігін дәлелдеп берді. Көрініс кезінде кісі өлтірген жігіттің туысынан пара алған судьяның қолына кісен салынды. Ал бөтеннің қолынан қаза тапқан жігіттің жазықсыз екенін естігін қызының ащы дауысы мен көзінен аққан көлдей жасы көрерменнің санасына ой салды. Театр өнерін насихаттай отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті нығайту, әуесқой актерлерді тауып, олардың жаңа қырын ашу мақсатындағы байқау қорытындысы бойынша бірінші орын «Көктем» қазақ орта мектебі, екінші орынды Жамбыл орта мектебі, үшінші орынды М.Әуезов атындағы орта мектебі командалары иеленді. Оларға қаржылай сыйлықтың сертификаты тапсырылды.
Диас АЙБАР
Суреттер автордікі