"Жасұланның" жасыл желегі

Индербордағы «Жасұлан» базары – жасыл-желегімен-ақ кенттің көркін келтіріп тұрған нысандардың бірі. Ауласында жеміс ағаштарының сан алуан түрі кездеседі. Одақ кезінде бұл жер самсаған автокөлік гараждарының орны болатын. Кейін көпқатарлы үйдің құрылысы басталғанымен ол аяқсыз қалып, орны бірталайға дейін шашылып жатқаны есімізде. Кәсіпкер Салауат Ізтелеуов жекеге алғаннан бастап, жерін тегістеп, сәулетті сауда ғимарат тұрғызумен қатар жасыл-желегіне үлкен мән берген екен.

Ауладағы тал-теректердің санын санап тауыса алмайсың. Қарақат, шие, өрік, қара өрік, жүзім сынды барлығы 6 түрлі жеміс ағаштары отырғызылған. Бәрін де кәсіпкер өз қолымен отырғызыпты. Ертең жазда қып-қызыл болып жемістері пісіп тұрған кезде тіпті керім енді. Дәмі де тіл үйіреді. Бұдан бұрынғы жылдары осы бақшадан түрлі әсем гүлдерді де өсіріп шығарған болатын.

Бірақ кәсіпкер үшін бұл баубақшаны өсірудің өзі оңайға түспепті. Қазір ғой, ауданда ауыз су толық қамтылғаны, жазғы су да жақсарғаны. Анау жылдары кентте судан таршылық көрген мезгілде құбырдан тамшы су ақпай әлсін әлі қомақты қаржы салып, су таситын көлікпен суарып отыруына тура келіпті.

-Сумен қамтушы мекеменің бұрынғы басшылары менің су алғанымды бағумен де жүрген кездері болды. Құбыр жарылып жатыр деген сылтау айтып, суды бізге қоспай да жүрді. Су жетпегесін бірқатар тал шықпай қалды. Ренжігеннен талдардың бәрін кесіп те тастай жаздадым. Бірақ оған қолым бармады, - дейді кәсіпкер.

Қазір де жеміс ағаштарын ауыз сумен суарып отыруға мәжбүр екен. Ал судың тарифі тұрғындарға берілгендей емес, кәсіпкерлерге қымбатқа шығады. Судың бағасы су есептегішімен еселеніп жатқандықтан, айына қомақты қаржы төлеуіне тура келеді. Суды қанып ішпегесін жапырағын толық жая алмасы белгілі.

Әйтпесе, бау-бақшаны әлі де жайқалта түсуге мүмкіндігі мол көрінеді. Ал жазғы су жақын арада балабақша болса, одан бері тартуға арадағы көп қатарлы үйлердің арасынан мүмкіндік болмай отыр екен. Бақша ішінде қабырғалары жүзіммен көмкерілген жайлы орын да бар. Алғашқы әзірде сырахана болғанымен, кейін оның жұмысын тоқтатқан. Қазір де сырахана жасаймын деп ұсыныс жасап жүрген кәсіпкерлер баршылық екен. -Өкінішке орай, сыра сатылған жерде келеңсіз жайлар көп кездеседі.

Жасыратыны жоқ, ондай кезде мәдениет сақтала бермейді. Масаңдаған кейбіреулер тал теректі де бүлдіреді, кез келген жерге дәрет те сындарады, төбелес те орын алады. Пайда түскенімен, бейнеті де жетеді. Алдағы уақытта осы жерден ақсақалдардың ыстықта саялап отыратын орын даярлау жоспарында бар екен. Жел соқса шаңды дауыл тұратын шөлейтті аймағымыз үшін жасылжелектің маңызы зор. Ал қоршаған ортамыздың көгалдануына үлесін қосамын деген кәсіпкер азаматтардың қолын шектемей, қайта қолғабыс жасайық, ағайын!

Саламат БАЗАРБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT