Индербор кентін ауыз сумен және кәріз жүйесімен қамтып отырған «ИндерСу» КМК басшысы Шалқар Алмурзиевтің айтуынша, кент ішінде жаңадан салынған кәріз желісі 64,5 шақырымды құраса, оның 1565 кәріз құдығы бар. Кәріз тазалау стансасынан бөлек кент ішінде 3 кәріз су айдау стансасы салынды.
Өнер мектебінің маңында орналасқан 1-ші кәріз айдау стансасына кенттің Барлаушы мен Шығыс мөлтек аудандары және кент орталығының жарты бөлегінің кәріз желілері жиналады. Атырау-Индер жолы бойында «Көктем» мөлтек ауданына қарсы тұрған - 2-ші стансасына осы мөлтек аудан мен кенттің орталығының жартысы енеді. «Болашақ» мөлтек ауданында орналасқаны 3-ші стансасына осы шағын ауданмен бірге орталықтағы Махамбет көшесінің жартысын қамтиды.
-Бұл стансаларға кенттің аталған бөлегіндегі тұрғындардың пайдаланған қалдық сулары кәріз құбырларымен өздігімен ағып құйылады. Алдымен 1-2 КНС-тен келген қалдық су «Болашақтағы» 3-ші КНС-ке, одан кәріз тазалау стансасына қысыммен айдалады. Стансада Grundfos шетелдік насостар орнатылған, ерекшелігі қалдық сулар толған кезде автоматты түрде іске қосылып, қайта айрылып отырады, - дейді аталған мекеме басшысы Шалқар Болатұлы.
Бұл кәріз суларын айдау стансалары және кәріз құдықтары мен құбырларын жаңадан жүргізген мердігер мекемеден жергілікті «ИндерСу» КМК-не теңгеріміне алу жұмыстары жүріп жатқанын аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ақесен Ибрагимов атап өтті.
Саламат БАЗАРБАЕВ