Семей қаласында қазақ тілі оқытушылары арасында республикалық байқау өтті.
Оған Атырау облысы "Тіл" оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, республикалық жарыстардың жүлдегері, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қайырбек Кенжалиев қатысып, бас жүлдеге ие болды.
Байқаудың мақсаты - ересектерге қазақ тілін тиімді үйрету әдістемелері бар оқытушыларды ынталандыру. Сондай-ақ, тіл оқыту орталықтарының авторлық бағдарламаларын қолдау.
- Сайыс үш кезеңнен тұрды. Атап айтсам, бірінші кезең өзін-өзі таныстыру болды. Ол кезеңде өзімнің арнайы жобамда өзге тілдерге арналған жаңашыл платформа жасақтап қорғап шыққан болатынмын. Екінші тур сұрақ-жауап, билет суырып педагогика, жаңа технологиялар туралы сауалдарға жауап бердім. Ал, соңғы кезең В2 деңгейіне сәйкес келетін өзге ұлт өкілдеріне, яғни ересек топтарға сабақ жүргізу. Жалпы әр өңірден 16 қатынасушы сынға түскен сайыста, Атырау облысы бірінші орынға ие болды.
Алдағы мақсатым осы жеке жобамды республика көлемінде одан әрі дамыту,-дейді байқау жеңімпазы.
Аудан мәртебесін облыс, қала берді республика көлемінде өсіріп жүрген жас ұстазымызға шығармашылық табыстар тілейміз.
Тілектес ҚИБАТОЛЛА