Жаңа кітаптармен толықты

Аудандық кітапхана қоры қазан айында жаңа кітаптармен толықты.

Оның ішінде А.Мәжитұлының «Мұқағали» атты кітабы көп жылдар бойы архивтерде отырып, зерттеген құнды еңбектерінің бірі. Ол Шыңғыс ханның оң қолы болған, қырық жылдай аттан түспеген батыр қолбасшы Жалайыр Мұқали жайында сыр шертеді. Ал, Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген Ө.Әлімгерейұлының «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» атты кітабында қазіргі Қазақстан картасында қала ретінде аты жоқ, бірақ сонау Алтын Орда дәуірінде ірі сауда және әкімшілік орталығы болған Сарайшық қаласы, Атырау, Маңғыстау өңірлерінің бұған дейін зерттелмеген кейбір археологиялық, тарихи орындары, арғы-бергі Атырау (Үйшік) қаласы туралы, ертедегі Қызылүйік ғибадатханасы, Тоқсанбай тұрағы, Иманқара басындағы қойылымдар, Аралтөбенің алтын адамы жайында сөз қозғалады.

Сонымен қатар, «Айғаным» баспа үйінен басылып шыққан Асқар Сүлейменовтің «Шығармалар жинағы», Қадыр Жүсіптің қазақ халқының біртуар перзенті, қоғам қайраткері, ғалым Бекет Тұрғараұлының 70 жасқа толуына арналған «Уа, Сардарым» деп аталатын дастандар жинағы, Амангелді Кеңшілікұлының «Тұрақсыз әлемнің суреткері», С.Хасанның «Қазақ пен қазан», Б.Беделханұлының «Дуалдағы жазу», Ұ.Нұрғалиұлының «Дайағашшы», А.Нұрғазының «Таным мен талғам», С. Асылбекұлының «Күзгі романс», Қ. Елеместің «Аллахай», Н.Дәутайұлының «Кісі иесі», Л.Калаустың « Зов солнца», Р.Хузахметованың «На крыльях мечты» кітаптары «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Сонымен қатар, белгілі ақын Ақұштап Бақтыгерееваның «Ана әлдиі», «Өлең деген құдірет» атты екітомдық жинағы автордың нәзік сыршыл сезімдерге, ой-орамдарға толы әйел, ана, қыз тағдыры жайлы өлең-жырлары кітапхана сөрелерінен орын алды. Жастықтың жалынды жырлары, нәзік махаббат лирикалары және отансүйгіштік тақырыптағы туындылар оқырманның көңілінен шығады деген ойдамыз. Ендеше, келіңіз, оқыңыз!

М.ЖАЛҒАСБАЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT