ЖҰМЫСШЫ КҮШІ ЖЕТКІЛІКСІЗ

             Төрт түлік өсіруден нәсіп тапқан аудан тұрғындары үшін жылда шөп тапшылығы өзекті. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Тоғайбай Салахиденовтың айтуынша, пішеннің 70-80 пайызын сырттан тасуға тура келеді. Қазірдің өзінде аудан орталығының «Тайсойған» көшесінің ашық алаңына жүк көліктері тиелген орама шөптерді саттыққа шығара бастады. 
            -Егер де 10 орамадан жоғары алсаңыз, 8 мың теңгеге түсіріп беремін. Көршілес Батыс Қазақстан облысының Қарауылтөбеден 21 рулонын тиеп келіп тұрмын. Шөбі жақсы, бидайық, - дейді шөп әкеліп тұрған «КамАЗ» автокөлігінің жүргізушісіне жақындағанымда. Өзі Құрмет есімді жергілікті жігіт екен. Жүк көлігімен шөп тасуды арасында кәсіп қылатын көрінеді.        
            Салалық бөлімнің бас маманы Абай Әбдіровтың айтуынша, ауыл-аймақтарда да 8500 теңге шамасында көршілес облыстан тасылуда.

            Ал жергілікті шаруа қожалықтардың ішінде Жарсуат ауылдық округінен «Асыл Агро» (Н.Құлбасов), «Сұлтан» (Қ.Нұғыманов), «Ақтөбе» (Қ.Естай) шаруақожалықтары мен «Жарсуат» кооперативі (Д.Тәженов) шөп шабуды бастап кетіпті. Алайда шөп шабушыларға жұмысшы қолы жетіспеуде екен. Мысалы, «Асыл агро» ШҚ 12 тракторына тракторшы жоқ.         
            -Тракторшыға 150 мың теңге, егер жұмысы жақсы жүрсе, 200-250 мың теңгеге дейін жалақысын көтеруге мүмкіндігіміз бар. Шабындыққа басқа да жұмысшылар қажетігін айтады. «Жарсуат» кооперативі де жұмысшы күшін қажет етуде, - дейді бас маман А.Әбдіров сөзге тартқанымызда.

            Сонымен қатар Елтай мен Бөдене ауылдарында да шөп шауып бастаған шаруа қожалықтары бар екен.  
            Жалпы, ауданның мал азығына деген қажеттілігі 66 мың 300 тоннаны құраса, бүгінгі күнге дайындалғаны 23,2 тонна, яғни 39 пайыз.          
            -Бізде биыл жаңбырлы болғанымен, шөптің көбі жусан аралас. Сондықтан, биыл да Батыс Қазақстан облысынан шөпті көбірек тасымалдау жоспарлануда, - деді, салалық бөлімнің бас маманы А.Әбдіров. 

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT