Өз тілімдей боп кетті

Аудан мектептерінің қазақ сыныптарында оқитын өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген құрметі тым бөлек. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді. Солардың бірі - қазақ тілін жетік меңгерген Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің оқушысы Яна Бацаева.

Қазақ тілін туған тіліндей сөйлейтін Яна мектептің белсенді және зерек оқушысы. Ата-анасы қыздарын кішкентай кезінде «Балдәурен» балабақшасына, кейін Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебіне берген. Қазақ мектебінде білім алып, қазақи тәрбиені бойына сіңіріп өскен орыс қызы үшін жергілікті тілді меңгеру аса қиын болмапты. Тіпті, қазақтың дыбыстарын үйрену де еш қиындық туғызбаған. Сонымен бірге Яна аудандық өнер мектебінде «фортепьяно» сыныбында білім алып жатыр.

- Мен мектепке келген кезімде қасымдағы достарым мен сыныптастарымнан қазақ тілін үйрендім. Ал үйде ата-анаммен бірге кейде орысша, ал кейде қазақша сөйлеймін. Маған қазақ тілі қатты ұнайды. Сондықтан қасымдағы достарымның қазақ болғанына ризамын.

Қазақ тілін үйрену және қазақша сөйлеу – ол әрбіріміздің борышымыз, - дейді ол. Қазақ тілі мен ағылшын тілі және математика пәндерін ерекше жақсы көремін деген Янаның алдағы армандары да сан алуан. Ең басты мақсаты – сабағын жақсы оқып, мұғалімдер мен ата-анасының үмітін ақтау. Сары қыздың қазіргі кездегі кішкентай жетістіктері болашақта үлкен жеңістерге бастайтыны сөзсіз.

Ендеше талабыңа нұр жаусын, Яна!

Д.АЙБАР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT