«AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында қоғамдық қабылдау өтті.
Аталған партияның аудандық филиалы кеңсесінде өткен қабылдауда адвокат Абзал Құспан, AMANAT» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов, облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Айгүл Кенжалиева мен партиялық бақылау жөніндегі инспектор Роман Мақсотов жеке мәселелерімен келген тұрғындардың арыз-шағымдарына құлақ түрді.
Шешімін таппай жүрген мәселесін айта келген азаматтың бірі – Индербор кентінің тұрғыны Данияр Габсалимов. Ол 2013 жылы шаруа қожалығын қаржыландыру үшін «Атырау» ӘКК» ҰК» АҚ-дан мемлекеттік бағдарлама аясында қаржы алыпты.
«Алған қаржыны қайтару кезінде қаржыландырушы тараптан қателік кетті. Сондықтан келісім-шарттты тоқтатуға мәжбүр болдық. Ал ҚР Ұлттық банк тарапынан қаржыны қайтару жөнінде талап келген кезде серіктестіктің кейбір құрылтайшысының қаржаты болмады», – деді ол.
Өз кезегінде, заңгер бұл мәселені шешуге болатынын айттып, іске қажетті құжаттарын сұратты.
Бұдан бөлек қабылдауға ауданның бірнеше тұрғындары келіп, заң тұрғысынан түсінік алды. Олардың көпшілігінің мәселелері әлеуметтік сипатқа ие.
Заңгерлер аудан көлеміндегі мәселелерді жергілікті жерде шешуге тырысатындарын айтты.
Т.ҚИБАТОЛЛА