ӨЗІМ ӨРЛІКТІҢ ТУМАСЫМЫН, БҮКІЛ САНАЛЫ ҒҰМЫРЫМ ИНДЕРДЕ ӨТТІ. КЕНТТЕГІ М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕПТЕ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ БОЛЫП, ҰЗАҚ ЖЫЛ ШӘКІРТ ТӘРБИЕЛЕДІМ. КҮНІ БҮГІНДЕ ЗЕЙНЕТКЕРЛІК ДЕМАЛЫСТАМЫН. СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ АСТАНА ҚАЛАСЫНДА ТҰРАМЫЗ.
Тәуелсіз еліміздің бас қаласын Отанымыздың жүрегі, мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы деп танимыз ғой. Бірақ, біз, аға ұрпақ үшін туған өлкенің орны бөлек екен. Астанада тұрсақ та әрдайым ауылдағы ағайын-туманы, дос-жаранды аңсап тұрамыз. Әсіресе, ауылдағы құдайы көршім Виктор Любиннің орны бөлек. Кезінде кенттегі Махамбет көшесіндегі көп қабатты үйдегі пәтерімізді бір қажетімізге жарап қалар деп сатпаған едік.
Сол ісіміз өзімізге жақсы болды. Ауылды сағынғанда өз пәтерімізге қайта қоныстанып, ағайын-туыс, көрші көлем, таныс-тамырмен көрісіп, көңіліміз бір марқайып, арқа- жарқа болып қаламыз. Әсіресе, қазақ «алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық» демей ме? Осы көп қабатты үйдегі көп жылдан бері Виктор Любиннің отбасымен тату көршіміз.
Біз қазір Астанада, ал олар ауылда жеке үй салып алып, бөлек тұрса да достығымыз, аралас- құраластығымыз ажыраған жоқ. Виктор мен жұбайы Алмажай – ұстаздар. Ұзақ жылдардан бері Ш.Уәлиханов атындағы орта мек- тепте шәкірт тәрбиелеп келеді. Виктор ұлты орыс бола тұрса да қазақшаға судай. Керек десеңіз, кез келген қазағыңнан асырып сөйлейді. Мақалдатып, мәтелдетіп нақышына келтіре сөйлегеніне де риза боласың. Отбасымызбен аралас-құраласқанда да өзара қазақша сөйлесеміз.
Оның құдалары да – жергілікті қазақтар. Құдаларын да құдайдай сыйлайды. Виктордың отбасы екі ұлттың да, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін берік сақтайды. Мысалы, кешегі ора- зада ауызашар ұйымдастырып, қазақ дәстүріне сай өткен Наурыз мерекелерінде шелпек пен наурыз көже пісірді. Құранын да оқытады. Сонымен қатар орыстың ұлттық мерекелерін де құр жібермейді. Ал 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі – біз үшін ерекше мереке.
Айтарым, тәуелсіз ел болғалы қол жеткен барлық саладағы жетістіктеріміз бен табы- старымыз осындай елдегі ұлт пен ұлыстың арасындағы бірлік пен ынтымақтың арқасы деп білемін. Отанымыздың іргесі бүтін, тұғыры мығым болсын десек, әрдайым бірлігіміз ажырамасын. Арамызда Виктор секілді түсі басқа болса да тілегі мен тілі бір азаматтарымыз көп бола берсін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!
Сыйлыбай МҰҚСИМОВ,
ардагер мұғалім, Астана қаласы