Жақында аудандық көп бейінді ауыл шаруашылығы колледжінің 2 курс студенттері, яғни болашақ фермерлер арасында «Үздік жер жыртушы – 2021» сайысын өткізді.
«Алғабас-Жорық» каналының тұсындағы аталған оқу орнының арнайы базасында ұйымдастырылған шарада алдымен сайыскерлер «МТЗ 82» тракторы тіркемесімен және «ПЛУГ ПН 3-5» тракторымен белгіленген жерді түзу жыртып шығуға кірісті.
Дегенмен де қатысушылардың бірінің тракторы тізгінділмей қалып жатса, ал бірі шапшаңдық танытып, қатарластарын басып озды. Оларға колледжішілік қамқоршылар кеңесінің төрағасы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының аудандық филиал директоры Дәурен Сағынғалиев, «Әділет» шаруа қожалығының өкілі Салихат Кенжеғалиев, аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Темірлан Бертлеуов сарапшылық етіп, қатысушыларға оң бағаларын берді.
Тәжірибелік мәні зор байқау нәтижесінде бірінші орын және арнайы «Үздік жер жыртушысы 2021» белгісімен Диас Жолдасов марапатталса, екінші және үшінші орынды Алпамыс Жалғас пен Өтеміс Демеуов тең бөлісті.
Оларға «Атамекен» ҰКП аудандық филиал директоры атынан Алғыс хат, ал аталған білім ордасының директоры Құнас Бағытжан бағалы сыйлықтар ұсынып, алдағы жұмыстарына табыс тіледі. Осылайша, сайыс өз дәрежесінде өтті.
Диас АЙБАР