ХАЛҚЫМЫЗДА «ОТАН – ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ» ДЕГЕН ЖАҚСЫ ТӘМСІЛ БАР. ЕЛДІҢ ТҰТАСТЫҒЫ, АЗАМАТТАРДЫҢ БАҚЫТТЫ БОЛУЫ, МЕМЛЕКЕТТІҢ КЕЛЕШЕГІ ЕҢ ӘУЕЛІ ӘРБІР ОТБАСЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫМЕН, ЕЛДЕГІ ОТБАСЫ ИНСТИТУЫНА ҚАТЫСТЫ ХАЛ-АХУАЛМЕН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫСТЫ.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы №384 Жарлығымен «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» бекітілді.
Тұжырымдамада Қазақстандағы ажырасу және некесіз бала туу үрдісінің өсуі, толық емес отбасылар санының артуы, алимент төлеудегі проблемалар, «азаматтық» некелер, діни мекемелер арқылы неке қию, қыз алып қашу және оларды күштеп тұрмысқа беру оқиғалары, ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығы мәселесі, қаламаған жүктілікті үзу жағдайлары, ерте жастан некеге тұру, кәмелет жасына толмағандардың жүкті болуы, ерте жастан аборт жасату проблемалары, отбасындағы зорлық-зомбылық және қатыгездік жағдайлары т.б. мемлекет және қоғам болып жұмылуды қажет ететін түйткілді мәселелер қамтылып отыр.
Тұжырымдамада қамтылған үлкен тарау - ажырасу мәселесі. Қазіргі қазақ отбасыларында ажырасу үйреншікті жағдайға айналып барады. Халық арасына жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар қорытындысына қарасақ, ажырасудың себебі де әртүрлі. Ең қорқыныш тудыратыны, болмашы нәрсеге ажыраса салатын жастардың қатарының көбеюі. Олар үшін ажырасу өте оңай жол. Ондай адамдар тәрбиенің аздығынан, санасының төмендігінен, баласының болашағына деген жауапсыздықтан осындай қадамға барып отыр. Отбасын құрған жастардың ажырасқанына екі жақтың ата-аналарының да уайымдайтыны анық. Бірақ, қазіргі уақытта, балаларын осындай халге жеткізіп қоятын ата-аналар да жоқ емес.
Алайда ең көп қасірет шегетіндер – балалар. Бұл- бала үшін өмірлік жарақат. Олардың көңілінде өзінің бақытты болатынына сенбейтін үлкен күдік қалыптасады.
Алысқа бармай-ақ, өз ауданымыздың статистикалық мәліметіне зер салсақ, көңіл көншітпейді. Жыл санап ажырасу деңгейі артып келеді. Өткен жылы 155 отбасы некеге отырған болса, Индер аудандық сотының мәліметіне сүйенсек, түскен 68 талап арыздың 45-і қанағаттандырылған, яғни ажырасқан. 24 іс қысқартылған, яғни медиация тәртібімен татуласқан. Ажырасуды тоқтату, алдын алу мақсатында аудан әкімдігі мен аудандық сот арасында меморандумға қол қойылып, отбасылық кеңес құрылды.
Отбасылық кеңестің басты мақсаты - ажырасудың себебін зерттеу, заң шеңберінде қолдау, көмек қажет болған жағдайда жәрдемдесу, ажырасуды азайту, тоқтату. Алайда, медиациядан да, отбасылық кеңеске келуден де бас тартып, бар ынта-шынтасы ажырасуды оңай жол деп есептейтін жастарымыздың бары өкінішті. Ажырасуға арыз беретіндердің жас шамасы 25-50 жас арасы. Ажырасуға арыз беруші тараптың көпшілігі әйел адамдар болып отыр. Осыған қарап отырып, бүгінгі күні әйел бойындағы мәдениет, ибалылық, ұлтқа өнеге боларлықтай қасиеттер азайып бара жатқандай ма деген ойға қаласың. Міне, бұл әйел мәдениетінің беталысының негізін танытады. Әйел жүрген жерде бала жүреді, әйел жүрген жерге халық топтасады. Біз сонда осы әйелдеріміз арқылы кімді тәрбиелейміз, кімге ақыл айтамыз. Кешегi аналарымыз қиын-қыстау кезеңдерде дәстүрлi мәдениеттiң бесiгiнде тербелiп, қайнарынан қанып iшіп, баласын өсіріп, әр баласына жеке отау тігіп, бір қауым ел қылмады ма?! Ішерге тамақ, киерге киім таппаған уақытта да баласын аш қалдырмай қатарға қосқан жоқ па?
Қазақ әйелі көрегендігінің арқасында қоғамдағы өз орнын жазбай танып, әйелдiктен даналыққа, отбасы, ошақ қасы тiрлiгiнен рулы елдiң қамын жейтiн Ел анасы деңгейiне көтерiліп еді ғой. Отбасында қанша қиындық болса да, аштықты да жоқтықты да басынан өткізіп, түрлі отбасылық қатынастарды ақылмен шешіп, сабырмен, төзіммен, шыдамдылықпен отбасын сақтап отырды емес пе?!
Бұрын халқымызда ажырасу деген болмаған, үйлеспеген отбасыларды рулы елге таңба болады деп, тәрбиесіне ауыл болып көңіл аударған. Соның бәріне ұйытқы болатын қазақ әйелі, аналарымыз еді. Кешегi өткен Домалақ, Қарқабат, Абақ, Ұлпан және бiз бiлмейтiн тағы қаншама аналарымыз, тіпті өз әулетіміздің үлкен әжелері соның айқын дәлелi емес пе. Ал қазір ше, үлде мен бүлдеге оранбадым, қалауыммен киіне алмадым, жүретін ортада жүре алмадым,керемет баспанада тұра алмадым деген уақытша қиындықтарды ашуға жеңдіріп, аспанға шапшыған қаракөздерімізге не дейміз? Отбасылық қиындықтарды бірге жеңу керектігін ұғына алмаған, жауапкершілікті түсіне алмаған жас аналар осындай қадамға көп барып жатыр. Ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды, қызымның көңілі бәрінен қымбат деп жетектеп ала жөнелетін ата-анаға не айтамыз?
Әрине, себеп көп, салдары одан да көп. Бірақ көпшілік жағдайда шыдам, түсіністік, адалдық құндылықтың төмендеуінен, кешірімнің болмауынан, әлеуметтік мәселелерді сылтау етіп ажырасып жатқандар өте көп. Тағы бір алаңдатарлық мәселе, мемлекет тарапынан толық отбасыларға қарағанда толық емес отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік көмектердің және өзге де көптеген әлеуметтік жеңілдіктердің көп болуы. Осы мақсатта қағаз жүзінде ажырасушы азаматтар саны да аз емес. Соған көніп, оңай жол іздеген ер азаматтарымыздың да жауапкершілігі төмендеді.
Қазақ мәдениетiнде қашаннан еркек - басшы, әйел – қосшы, еркек - бас, әйел - мойын деп те тұспалдайды. Олай болатын себебi - еркекті құдiреттi Көк Тәңiрiнiң баласы, әйелді - жер рухы - Ұмай Ананың баласына теңеген.Атаның күші, ананың сүті деп те тегін айтпайды. Әйел күшті ер адамнан алады.Қорғаным, қамқорым деп сенім артады. Себебі, отбасын асырайтын еркек, ұрпақ көбейтуші - әйел. Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайтыны ақиқат.
Әкенің орны бала үшін қашан да ерек. Баланың бойындағы адамгершілік, кішіпейілділік, адалдық, қамқорлық сынды қасиеттер әке тәлімі арқылы қалыптасатынын түсінбей жүрген әкелер аз ба қазір? Ажыраса салып, алименттен жалтарып, қашып-пысып жүргендер қаншама?! Тәрбие тұрмақ, өз баласына деген қамқорлықтан қашу екенін түсінсе ғой. Әрине, көпке күйе жағудан аулақпыз. Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді дегенннің кебін киіп отырған соң айтамыз. Аз ғана кемшілігімізді есепке алып, ақыл таразысына салып отырмасақ, елге іріткі салар үлкен де ұятты оқиғалардың орын алары сөзсіз. Сондықтан, айналамызда болып жатқан жағдайларға немқұрайлы қарамай, өткір шындықты бетке айтып, жаңылып жүрген жандарға ел болып басу айтуға шақырамын.
Сөзімді қорыта келе, ескi мен жаңаны, дәстүр мен жаңалықты салыстыра отырып, оқырманға ой тастадық. Әйел адам әрекет ету қабілетіне өте мықты жаратылыс иесі. Ендеше, әйелдің қолында үлкен күш бар. Сол күшті ұлтымызды ұйыстыруға бағыттайық. Дана бабаларымыз: «Өлi - тiрiнiң азығы, жақсы - жаманның азығы, ескi - жаңаның қазығы» демеушi ме едi?.. Болашақта қазақ әйелiнiң бейнесi ұлттық құндылықтарымыздың қазығына айналсын.
Жеміс ТІЛЕПҚАЛИЕВА
аудан әкімі жанындағы әйелдер істері,
отбасы- демографиялық саясат жөніндегі
комиссияның хатшысы, отбасылық кеңестің мүшесі