Мен 1990 жылы Индер ауданы Елтай ауылында дүниеге келдім. Өз басым бала кезден алғыр, ортаға тез бейімделгіш болып өстім. Алайда, тағдырдың әр адамға өз берер сыйы, сынағы болады екен.
2010 жылы жаяу жүргіншілер жолынан өте бергенде машина қағып кетіп, ауыр халге ұшырадым. Сол күннен бастап өмірім күрт өзгерді. Бірнеше күрделі ота жасалды. Сол кезде ата-анам, бауырларым, достарым жанымнан табылып, өмірге деген құштарлығымды арттырды. Соның нәтижесінде, олардың көздеріндегі нұрды көріп, бар қажырқайратымды жинап, алға қойған мақсаттарыма қол жеткізуге тырыстым. Қоғаммен бірге болдым.
Шыны керек, қазіргі жағдайым менің дамуыма ешқандай кедергі келтірген емес. Керісінше, қайырымдылық жасап, басқа жанға қуаныш сыйлаған сайын көңілім көтеріліп, ерекше сезімде жүргендей боламын. Қоларбада таңылып отыра бергенше, мүмкіндігі шектеулі жандардың да қолынан іс келетінін дәлелдегім келеді. Ең алғаш рет, «Даму» қорының аймақтық филиалы арқылы несие рәсімдеп, Елтай ауылынан "Сұңғат» кеңсе дүкенін ашып, кәсібімді бастадым. Бұдан өзге, жазғы уақытта балаларға батут, қысқы уақытта сырғанау құралын да әкеліп, балаларға көңілді демалыс сыйлап жүрмін.
Жастайымнан спортқа жақын болғандықтан, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған облыстық, республикалық, қалалық турнирлерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрмін. Әрине, қайырымдылық істер де жетерлік. Соның бірі, жақында ғана «Харекет» қоғамдық қорының демеушілігімен ауданымызға ат басын тіреген «Өнер қырандары» театрының шығармашылық кеші соңында Айман апамызға орталықтан 2 бөлмелі үй алып бердік. Бұл 2-ші үй, оның алдында Нұрбек бауырымызға алып бергенбіз. 4 баланы Стамбул қаласына емделуге жібердік. Бұл тек қана менің емес, сол қайырымдылыққа үлес қосқан барша жанның еңбегі дегім келеді.
Алдағы мақсатым, елімнің қажетіне жарау үшін қолымнан келгенше еңбек етіп, арманыма қол жеткізу. Сондай-ақ, болашақта мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған құммен сурет салатын, вокал, би, шахмат, дойбы секілді үйірмелер мен сауықтыру орталығын ашу жоспарымда бар. Сондықтан, он екі мүшесі сау бола тұра еңбек етуге ерінетін кей жандарға аз да болса ой салғым келеді.
Қуат ЖАНЕСЕЕВ,
жеке кәсіпкер