Қазіргідей қысылтаяң шақта бірнеше баланы тәрбиелеп, тұрмыстың тауқыметіне тап болған жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға аудандағы Ш.Уәлиханов және С.Сейфуллин атындағы орта мектептің 2007 жылғы түлектері азық-түлікпен көмектесті.
Рамазан айының құрметіне орай жаны жомарт жандар әлеуметтік азқамтылған 5 отбасының әрқайсысына ұн, күріш, макарон өнімдері, ас майы бар пакет толы азық-түлікті таратып берді.
Рамазан - қайырымдылық пен мейірімділіктің айы. Сондықтан бұл айда сауаптар еселеніп, Пайғамбар үмбеттері жақсылық жасап, сауап жинауға асығады.
«Біз мұқтаж жандарға қолдан келгенше көмек бердік. Міне, бүгін Рамазан айының алғашқы күні 5 отбасын азық-түлікпен қамтысақ, алдағы күндері де бұл көрсеткішті көтереміз деп отырмыз. Әрине, қай уақытта болса да мұқтаж жандарға көмектесіп, оларды қолдау қажет. Сондықтан жағдайы бар адамдардың осындай игі іске иілгені абзал»,-дейді қайырымды жастар.
Міне, қайырымдылық шарасы аясында жылы сөз бен жұмсақ алақанға зәру болған мұқтаж жандар қуаныштан көздеріне жас алып, жомарт жандарға алғыс-баталарын берді.
Д.ҚАБИ
Индер ауданы.