Ақтау қаласында «SUMMER DANCE FEST» XIV Халықаралық хореографиялық фестивалі өтті.
Түрлі жанрды қамтыған жасөспірімдер мен балалар шығармашылық байқауында индерлік бишілер де өз бақтарын сынады. Осымен он төртінші рет өткізілген сынға Атырау облысымен қатар, Орал, Талдықорған, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда, Ақтау қалаларынан да талантты өрендер жиналған.
- Байқау өте жоғары деңгейде өтті. Жалпы саны 1000-ға жуық қатысушы келді. Қазылар алқасы да осал болмады. Түкпір-түкпірден келген хореографтар қатысушыларды орындау техникасы, композиция, хореография, имидж критерийлері жағынан бағалады. Әр жастағы бишілер өнер көрсетіп бола салысымен марапатталып отырды. Біздің “Art live” өнер орталағының “Кербез”би ансамблінің кіші тобы 1 орын, орта тобы 2 орынмен марапатталып, екі топ та Түркия еліне жолдама алды. Өзім “үздік жетекші” төсбелгісімен марапатталдым. Осындай қуанышпен ауылға қайтып келеміз, - дейді топ жетекшісі Лиза Есбосынова.
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болған жерлестерімізге Түркияда да өз өнерлерімен тәнті етіп, жүлделі оралуына тілектеспіз.
Ақмарал БОКИРОВА