Жасөспірімдердің күзгі демалыс кезінде қауіпсіздігін арттыру бағытында кәмелетке толмағандар мен оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу мақсатында 28 қазан - 2 қараша аралығында аудан көлемінде "Каникул" жеделпрофилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Іс-шара аясында құқықбұзушылық жасаған, түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген барлығы 34 жасөспірім анықталыпты.
– Іс-шара кезінде түн кезген, яғни сағат 23:00-ден кейін заңды өкілінсіз тұрғын жайдан тыс жүрген 31 жасөспірім анықталып, ата-анасына Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 442 бабының 2 және 3 бөліктерімен әкімшілік хаттама жасақталды. Сонымен қатар, 1 электросамокат тізгіндеген жасөспірім және алкогольдік ішімдік ішкен 1 жасөспірім анықталып, ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек Д.Қонаев көшесі бойында орналасқан жақында ғана қолдануға берілген ойын алаңын бүлдірген жасөспірімдер анықталып, ата-анасына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 435 бабымен хаттама жасақталып, айыппұл салынды.
Арнайы шара аяқталғанымен, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолдағы апаттылық жағдайлардың алдын алу мәселелері күн тәртібінен түспейді, - дейді жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Ғалымжан Жұмағалиев.
Н.ЖАДЫРА
сурет дереккөзден алынды