Тілекші тыныштықты тілейді

Тілекші Шамұратованың полиция қатарында қызмет ете бастағанына 13 жыл болды. Аудандық ішкі істер бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі, учаскелік полиция инспекторының көмекшісінен бастаған жұмысы енді бөлімнің штаб инспекторы лауазымында жалғасын табуда.

Ол 2008 жылы М.Өтемісұлы атындағы Батыс-Қазақстан мемлекеттік университетінің «құқықтану» мамандығын бітірген соң, аудандық ішкі істер бөлімінде алғашқы еңбек жолын бастады. Кейін, жұмысын жауапкершілікпен жасаған ол жылдар өте бөлімнің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі тобының мектеп инспекторы, көші-қон полиция тобының инспекторы, бөлімнің жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция инспекторлар тобының аға инспекторы лауазымына тағайындалып, 2018 жылдың қараша айынан бастап күні бүгінге дейін аудандық полиция бөлімінің штаб инспекторы лауазымында еңбек етіп келеді.

Әңгіме барысында оның есінен 2011 жылдың маусым айында болған оқыс оқиға әлі кетпейді. Дәл сол күні «102» байланыс телефонына «орталық көпірден бір әйел адам секірмекші» деп хабарлама түседі. Содан ол учаскелік полиция инспекторы Бекежан Өтешов екеуі жедел жетіп, ішімдік ішкен азаматшаны сөзге тартып, қауіпсіз қашықтыққа шығарып, полиция ғимаратына жеткізеді. Сайып келгенде азаматшаның «жайсыз отбасылар» есебінде тұрғаны анықталады.

-Полиция қызметкеріне келген алғашқы жылдары айтарлықтай оңай болмады. Себебі, азаматтардың құқығын қорғау, қоғам тыныштығын сақтау бағытында көптеген іс-шаралар, рейд жұмыстары, оқу-жаттығулар ұйымдастырылады. Алайда оның бәріне көз жұма қарап, алға қойған мақсатымды орындау үшін, өзіме жүктелген міндетті мінсіз орындауға бекіндім,-дейді Тілекші Маратқызы.

Осының нәтижесінде басшылық тарап оның еңбегін бағалап, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Грамотасымен, облыстық Полиция Департаменті бастығының, облыстық мәслихат хатшысының, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен және бөлім бастығының құттықтауларымен, сонымен бірге «Қазақстан Полициясына 25 жыл» төсбелгісі және осы салада он жылдан астам еңбек еткені үшін «Мінсіз қызмет үшін» III дәрежелі төсбелгісімен марапатталды.

Иә, Тілекші – погон таққан полиция ғана емес, бір қолымен әлемді, бір қолымен бесік тербеткен ана. Отбасында жолдасы Әзілхан – вахталық әдіспен еңбек етсе, қос ұлы Алихан Бөдене орта мектебінің 3 сынып, кішісі Аслан М.Әуезов атындағы орта мектептің 1- сынып оқушысы. Бүгінде полиция қызметкерлерінің қатарынан нәзікжандыларды көру таңсық дүние емес. Тіпті, уақыт өткен сайын тәртіп сақшысы мамандығын меңгерген қыз-келіншектердің қатары артуда. Осылардың арасында Тілекші де ерлермен тең дәрежеде қызмет атқарып, кейбір азаматтар аса алмайтын асуларды бағындырып, майор дәрежесіне көтерілді.

Әрине, оған жетер жолда білім мен тәжірибе, сондай-ақ ерлік пен батырлық та бойыңнан табылуы тиіс.

Диас АЙБАР

Индер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521