Полиция қызметінде ерекше орын алатын саланың бірі – тергеуші. Тергеушінің бұлтартпас айғағы арқылы қылмыскерлердің жасаған қылмысының ақ-қарасын дер кезінде ажыратып, кінәлілерді анықтап, дәл табу аса маңызды. Сондықтан тергеушіге өз ісін жақсы білетін білікті де сауатты, әрі қайсар да тегеурінді қасиеттер болуы керек-ақ. Аудандық полиция бөлімі тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі, полиция капитаны Айгерім Құрмашева да осы маңызды салада абыройлы қызмет атқарып келеді.
Айгерім Қанатқызы көршілес Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тумасы. Әкесі Қанат Құрмашев полиция ардагері, шені полполковник. Әкесінің бауырлары да құқық қорғау саласында еңбек еткен. Анасы Галина Мұңайтпасованың мамандығы мұғалім.
Әкесін үлгі тұтқан кейіпкеріміз жасынан полиция қызметкері болуды армандаған. Тіпті басқа мамандық иесі боламын деп ойламапты да. Орта мектепті аяқтаған соң, өз қалауымен Орал қаласында Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің құқықтану мамандығы бойынша аяқтайды. Полициядағы еңбек жолын әуелі пробациялық қызметтен бастап, кейін тергеушілік қызметке ауысады. Қызмет барысында тиісті білім жетілдіру курстарынан мүдірмей өтеді.
Қазір Айгерім Қанатқызы ішкі істер саласында нәтижелі жұмыстарымен ұжымда зор құрметке ие болып жүр. Оның тергеу ісіндегі қырағылығы мен тындырымды, нәтижелі жұмысын аудандық полиция блімінің басшысы міндетін атқарушы Ерқанат Темірхановта үлгілі қызметкер ретінде атап өтті.
-Бүгінде аудан көлемінде орын алып отырған қылмыстың түрлі санаты бойынша тергеу жүргізіп келемін. Қылмыстық істердің дер кезінде ашылуына өзім ғана емес, криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілдері Ринат Рахимов, Ербатыр Қамешов, Алтынбек Рахымғалиев, аға анықтаушы Айдос Фазыл сынды қызметкерлердің тікелей ізге түсуімен қылмыстық істер дер кезінде ашылуына мүмкіндік туып отыр. Міндетіміз - әрбір қылмыстық іске байланысты нақты айғақ жинап, қылмыскерді дәл табу, — дейді тергеуші Айгерім Қанатқызын сөзге тартқанымызда.
Өкінішке орай қоғамымызда ұрлық қылмыстары жие орын алатыны жасырын емес. Мысалы, биыл Индербордағы азық-түлік дүкеніне ұрлыққа түскендер көп кешікпей ұсталған. Адал еңбекпен тапқан біреудің нәпақасын жасырын жолмен жымқырған адам «ұры мен» деп қайдан бірден мойындай қойсын. Оқиғаның ізі суымай іздестірудің нәтижесінде ұрылыр ұсталып, айғақтары айқындалғасын ғана мойындаған. Ұрланған дүниелерін қайтаруға мәжбүр болған. Келтірілгеншғын орны толтырылды.
Бүгінде заманға қарай интернет алаяқтығы да белең ала бастады. Ауданда бір тұрғын бірнеше адамның атынан шағын сомада несие рәсімдеп пайдалана беріпті. Тергеу барысында алаяқ анықталып, ісі сотқа жолданыпты.
- Басқа қылмыстардан гөрі ұрлық, алаяқтық жасағандар көп жағдайда мойындамауға ұмтылады. Нақты дәлелдермен әшкере қылғаннан кейін ғана жеңіл жазаға тартылудың амалын қарап, ақталуға тырысады.
Ал қызмет барысында уақытпен санаспаймыз. Түн не таң болсын, дүлей боран не аптап ыстық болсын, елді мекен ішінде не алыс қырлықта болсын қылмыс жасалған орынға дер кезінде жетіп, уақыт жоғалтпай іске кірісуге тура келеді, - дейді ол.
Осылайша бүгінгі кейіпкеріміз Айгерім Қанатқызы қызығы мен қиындығы қатар жүретін салада нәзік жанды болса да ерлерге тән мамандықты мықты игеріп, тындырымды да қызметімен еленіп жүр.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ