Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта қазақтар арасында «тегімізді қазақшалайық» деген талпыныстар болды. Азаматтардың біразы бұл істі жүзеге асырып, тектері мен әке есімдеріндегі «ов-ев», «ова-ева», «ович-евич», «овна-евна» деген шылау-жалғауларды алып тастап, тектерін қазақшалады. Өкінішке қарай, мұндай адамдар саны өте аз болды: «орысшаға үйреніп қалдық қой», «тегімізді өзгерткеннен не пайда табамыз, табысымыз көбейіп, тұрмысымыз жақсарып кете ме?» деген сияқты көптеген кертартпа пікірлер қатар жүрді.
Екінші жағынан Ресейдің озбыр саясатшылары, ғасырлар бойы өздерінің бодандығында болған халықтардан, бірінші кезекте қазақ сияқты әбден орыстың тілі мен өмір-салтына бауыр басып кеткен жұрттан айырылғысы келмей: «тектеріңді өзгертсеңдер барлық құжаттарың, тіпті дипломдарың да пайдаға аспай қалады, тұрмыстарыңда, қызметтеріңде көптеген қиындықтарға тап боласындар, ұлтшыл қазақтар сендерді осы зиянды әрекетке айдап салып отыр» дегендей, неше түрлі қитұрқы ойлар айтумен болды. Мен 1997 жылы өзімнің ата-тегімді қазақшаға аударған кезде, сол кездегі комиссия мүшелері маған да осындай қисындарды айтып, ойымды өзгертпекші болды. Түптеп келгенде, басқа құжаттарды өзгертудің ешқандай қажеттігі жоқ екен, тек әр қазақтың ұлттық намысы, табанды әрекеті ғана қажет болады екен.
Тәуелсіздік алғанымызға отыз екі жылға таяу барады. Әлі күнге қазақтардың 80-90 пайызы орыстың тегімен жүріп жатыр. Мұны ешқандай ұят-намыс көрмейді де. Бұл – санамызға әбден сіңіп қалған құлдық мінездің айқын белгісі. Күні кеше аудандық мәслихаттың сайлауы өтіп, 12 адам депутат болып сайланды. Солардың ішінде тек екеуінің ғана тегі қазақша екен де, қалған 10 депутат орысша текпен жүр екен. Ауданымыздағы кейбір мемлекеттік мекемелер кабинеттерінің маңдайшаларында олардың басшыларының тектері, бұрынғы замандағыдай, орысша түрінде тұрғанын көреміз. Айта кетер бір жайт, көптеген адамдар «тек» дегеннің заң жүзінде «фамилия» мағынасында қолданылатынын анық білмейді: құжаттарында тектері «ов-ев», «ова, ева болып орысша жазыла тұрса да, аттары мен әке есімдерін өздері «Пәленше Түгеншеұлы», не «Пәленше Түгеншеқызы» деп айтып, осыны аты-жөндерінің қазақшаланғаны деп түсінеді.
Мен жүрген-тұрған жерлерімде қандас азаматтарға «тектеріңді неге қазақшаға өзгертпейсіндер?» деп айтып келемін. Олардың біразы: «Ой, онда тұрған не бар?» деп немқұрайды жауап бергенде, намыстан өртеніп кете жаздаймын. Кейбір адамдар «Оны ойлап жүрмін, ауыстырамын» деп құтылады, ал кейбіреулері: «ойбай оған көп жүріс, көп уақыт керек қой, жұмыстан қол тимейді» деген дәлелдерін айтады.
Қорыта айтсам, «аты-жөнімді қазақшалауға қарсымын, өзгертпеймін» деп ашық айтқан қазақтарды кездестірген жоқпын, бірақ «онда тұрған не бар?» дегендер, ашық айтпаса да, солай ойлайды-ау деп топшылаймын. Айтпақшы, кейбір есімі ауданға танымал болған кейбір азаматтардың «мен жұртшылыққа осы орысша тегіммен (фамилиямен) танылдым, енді оны неге өзгертемін?» дегендерін де есіттім. Бұндай орысқол адамдардың тектерін өзгертуге құлықтары жоқ екенін түсінемін. Дегенмен, «үмітсіз – шайтан» деген ғой...
Мен осындай жайттарды ойлай-ойлай, тектерін ауыстыруға тікелей қарсылық білдірмейтін, бірақ түрлі дәлелдер айтып, «қолдары тимей» жүрген «өте жұмысбасты» адамдарға, бір көмегімді тигізейінші деген пікірге келдім. Осындай оймен «Аудандық қызмет көрсету орталығына» барып, адамдардың аты-жөндерін өзгерту жұмысының ретін білдім. Сөйтсем ол жұмыс, айтылып жүргендей , соншалықты күрделі, жүрісі көп, адамды шаршататын емес, бір барғанда, бір сағат ішінде бітетін шаруа екен.
Талап етілетін құжаттар:
1. Өтініш (Арыз)
2. Жеке бас куәлігі (түпнұсқа)
3. Туу туралы куәлік
4. Фото (сол жерде түсіріледі)
Қосымша мәліметтер:
- 690теңге ақша (сол жерде төленеді).
- Жаңа куәлік екі апта ішінде дайын болады. Аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы мекемесі аптасына бес күн – ертеңгілік сағат 9.00-ден кешкі сағат 6.00-ге дейін үзіліссіз жүмыс жасайды.
Тегіңізді, аты-жөніңізді түгел қазақшалап, жаңадан жазылатын куәлігіңіз үшін төленетін 690 теңге ақша ешкімге қиындық туғызбайды ғой.
Ендеше, ойланайық!
Самиғолла ҒАЛЫМҰЛЫ,
ауданның Құрметті азаматы, кент тұрғыны