Ауданымызда бірлік күніне орай "Татулығы жарасқан, тағдыры бір халықпыз" атты алаңдық шара өткізілді. Шара бишілер ансамбльдерінің "Еліміздің ертеңі - жалынды жастар" атты хореографиялық би композициясымен бастау алды. Одан соң "Балдаурен" бөбекжай-балабақшасының бүлдіршіндері "Ақ көгершін" әнін хормен орындады.
Мерекеге орай орталық алаңға жиналған индерліктерді аудан әкімі Дарын Шамұратов бірлік күнімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
- Ел бірлігі-достық пен бауырмалдық, бейбіт күннің, татулықтың темірқазығындай ең басты құндылық. Халқымыздың «Ырыс алды – ынтымақ» деген қанатты сөзінің астарында үлкен мән бар. Еліміздегі бекем бірлік - біздің баға жетпес байлығымыз болып табылады.
Елімізде қалыптасқан ұлттардың тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміздің экономикасы өркендеп, ілгері басып келеді. Қоғамда тұрақтылық пен тыныштықтың сақталуы да Қазақстанды мекендеген халықтардың достық қарым-қатынасының жемісі.
1 мамыр - кезінде тағдырдың жазуымен қазақ елінің жанашыр құшағынан пана тауып, бүгінде қасиетті қазақ даласының төл перзенттеріне айналған сан түрлі ұлыс өкілдері үшін де ұлық мереке. Осы тұрғыдан алғанда 1 мамыр жай ғана мереке емес, достық пен бауырластықтың, туысқандық пен қоғамдық келісімнің мерекесі десек жарасады.
Осынау ынтымақ пен бірлік мерекесінде Сіздерге зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс, отбастарыңызға амандық тілеймін,- деді.
Барлық ұлттар мен ұлыстардың өкілдері бір кісінің баласындай, бір қолдың саласындай болып бірігіп, еселі еңбек етіп, бір-бірімен достық қатынаста тұрып жатқан аудан халқына арналған шаралар аудан өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасын тапты.
Бишілер мың бұрала билесе, әншілер әннен шашу шашып, күйшілер күй тартыс жасады.