Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында еліміздегі татулықтың маңыздылығына тоқталды.
Өз сөзінде ол: «Қазіргідей аумалы-төкпелі заманда ауызбіршіліктің қадірі арта түскені сөзсіз. Бейбітшілік пен тұрақтылық – тағдырдың бізге бере салған сыйы емес. Бұл – бір ел, бір халық болып атқарып жатқан қажырлы еңбектің жемісі. Біз сындарлы сәтте жұрт болып жұмыла білеміз. Бұған былтыр Ақтау маңында ұшақ апаты болғанда тағы бір мәрте көзіміз жетті. Азаматтарымыз зардап шеккен адамдардан көмегін аяған жоқ. Кезекке тұрып, қан тапсырды. Әзербайжан Елшілігіне барып, гүл шоқтарын қойды. Бүкіл әлем халқымыздың ұйымшылдығы мен жанашырлығына тәнті болды. Халқымыздың жүрегі – кең, пейілі – ақ, ниеті – таза. Мейірімділік, қамқорлық және тілеулестік – біздің ұлттық ерекшелігіміз. Біз осы құндылықтарымызды сақтап, өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек» – деді.
Расымен де, қазақ халқы әркез бірліктің үлгісін көрсетіп келеді. Қай халықты да бауырына басып, адал нанын ұсынған қазақ халқына рахмет айтамын. Алдағы уақытта да бірлікте өмір сүріп, ұлтқа бөлінбей тату-тәтті ғұмыр кешейік дегім келеді.
Эльвира Ерачина,
Дарғын ұлтының өкілі,
Индер ауданы, Есбол ауылы