Тастановтың тас-түйін шәкірттері

Қаңтардың суық та қарбаласты күндеріне қарамастан, Елтайдағы "Қазақстанға еңбегі сіңген мұғалім" Мұқанғазы Сиранов атындағы орта мектептің шағын спорт залы тартысты қызу жарысқа, спортшы жастарға және  жанкүйерлерге  толы болды. 
Тарихының өзін бүгінде ғасырға теңелген бұл мектепте бұдан бұрын талай жарыстар өткені рас. Бірақ, бұл жолғы ерекшелігі сол, осы білім ордасында 36 жылдың үстінде еңбек етіп, зейнеткерлік жасқа толып жатқан ұстаз, "Индер ауданының 2023 жылғы үздік жаттықтырушысы" атанған Болат Тастановтың жүлдесі үшін жарыс тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

Оның үстіне біреулер біле де бермес, сонау атыс-шабысқа толы өткен ғасырдың 20-сыншы жылдары ауылын жаңа қоғамға бейімделуге үндеп, алғашқы "Кедей шаруа" серіктестігін құрғанда Мұханғазы ұстазға серік болғандардың бірі де осы Болаттың атасы – Шеркешбаев Тастан екендігін елтайлықтар ұдайы мақтан етіп, қашанда аға ұрпақ салған дәстүрге беріктіктерін танытып келеді. Әрине, бұл тарихты әлі де тереңдей білгісі  келген ынталы жанның ауылдағы М.Сиранов мұражайына келіп, танысуына болады.
 Ал бұл жарысты ата рухы қолдаған немересінің ел алдында талмай ізденіп, әсіресе, ауылдағы таланттарды тауып, шыңдаған талай шәкірттерінің облыстан да асып, республика мен әлем алаңдарында ойнақ салуға тәрбиелеген тынымсыз еңбегіне берілген лайықты баға деп білеміз.
-Біздің ауылдың азаматы Болат Тастанов 1961 жылы 3 қаңтарда осы Елтайда дүниеге келіп, 1968-1978 жылдары осындағы В.И. Ленин (М. Сиранов) атындағы орта мектебін бітіріп, Семей облысы Шұбартау ауданы жастарының одақ көлемінде үндеу тастағанда іліп әкетіп, сыныптастарымен бірге кеңшарда құрылған "Арай-78" комсомол-жастар бригадасында еңбек жолын бастаған.
Олардың бір ерекшелігі-осы 1978 жылғы мектепті бітірген қос сыныптан "Самал-78" (ұстаз шопаны Табылды Жұмашев), "Арай-78" (ұстаз шопаны- Бахтияр Мұқатов), "Шалқыма" (ұстаз шопаны Тұрлан Шуақбаев) құрылып, Қазақстанда мал басын 50 млн-ға жеткізу жөніндегі бастамаға бірауыздан үн қосты,-деген еді бір кездескенде ауыл қарты, ауданның Құрметті азаматы, бұрынғы кеңшардың ұзақ жылдар бойына кәсіподақ комитетінің төрағасы болған Тасқали Темірболатов.
Оны кейін 1979-1981 жылдары әскер қатарында азаматтық борышын өтеген соң ауылына оралған соң жасты кеңшарға жұмысқа шақырған ағамыздың өзі екенін де әңгімелеген толқынысты сәтке куә болған едік.  
Сол жылдары М.Сиранов атындағы орта мектепке жұмысқа шақырылып, дене тәрбиесі пәнінен  сабақ беріп жүріп, 1991-1996 жылдары Атырау университетін дене тәрбиесі пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген ол әдістемелік шеберлігін арттыра жүріп, мектепішілік, аудандық, облыстық спорттық шараларға белсене қатынасуды тәжірибеге айналдырады.
Соның нәтижесіндей, 2003 жылы "Ауыл спортын дамыту ісіндегі белсенді еңбегі үшін" облыстық спорт басқармасының арнайы грамотасымен марапатталады. 
Ауыл мектебіндегі дене тәрбиесі пәнінің қарапайым мұғалімдерінің бірі ретінде жоспарлы сабағын беріп жүре берсе де  болар еді, бірақ Болат олай етпеді. 2007 жылдан бастап мектеп жанынан ашылған Индер аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ауылдағы волейбол үйірмесін ашып, оған жаттықтырушы болып жұмыс істеуге кірісті.
Бүгінде құрылғанына 50 жыл толып жатқан Индер аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ауылдағы волейбол үйірмесін ашуы жас мұғалімнің жаңа қырынан танылуына жол ашты. Осы жылдарғы жұмыстары үшін ол 2020 жылы ҚР Білім министрінің "ҚР білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін" Алғыс хатымен марапатталуы соның бір дәлелі.
-Мұғалім жаттықтыратын оқушылардан құралған волейбол командасы соңғы 6 жылда жақсы жетістіктерге жетіп, аудандық, облыстық сайыстарда жеңіс тұғырына үнемі  көтеріліп келеді. Ұстаздың мақтан етер шәкірттері де аз емес,-деген еді ауылдағы спорт сүйер қауым өкілі бізге.
Солардың бірі, ауыл мектебінің түлегі спорттық мамандықты таңдаған Шәрипов Парасат 2010 жылдан бері облыстың намысын республикада қорғап жүрген "Атырау" волейбол құрама командасы қатарында ойнайды.
Ол өз командасымен бес дүркін Қазақтан Республикасының чемпионы, үш дүркін еліміздің супер кубогінің иесі атанғаны мәлім. Бүгінде "ҚР спорт шебері", ұстазы сияқты ол да жоғары білімді спорт маманы атанды.
Қатарына ауылдағы жаттықтырушысы Болат Тастанов тәрбиелеген ізбасарларын тартып, олар да облыс намысын республика деңгейінде, тіпті халықаралық дәрежедегі жарыстарда қорғап жүр. 
Б.Тастанов жаттықтыратын М.Сиранов атындағы орта мектептің командасы 2019 жылы волейболдан оқушылар (6-7 сыныптан) мектеп лигасында өнер көрсетіп, облыста үшінші орынды жеңіп алды. Оқушы Лияшов Нұрқат осы жарыстың "үздік ойыншысы" танылды.
Мұндай жүлдеге кейінгі жылдары Мәжитов Бақдәулет ие болды. Бұл команда одан бергі уақытта, атап айтқанда 2018 жылы республикалық турнирде күміске ие болса, 2020 тағы ІІ орын, 2021 жылы мектептің қыздар командасы облыста ІІ орынды жеңіп алып, Біржан Ақсырға "үздік ойыншы" атанды.
Ал 2021 жылы мектептің 7-8 сынып оқушылары ұлттық лиганың жеңімпазы атанып, облыс намысын Астанада қорғау құрметіне ие болды. Шәкірті Ләш Мәдениет "Атырау-2" волейбол командасының құрамына қабылданды. Ол 2021 жылы осы команда құрамында ойнап, ҚР чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды.
2022 жылы осы облыстық команда қатарына Б.Тастановтың тағы бір шәкірті Наурызғали Бейбарыс қосылды. Олардың екеуі де – Қазақстан чемпиондары. Ұстаздың шәкірттері Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында өткен жасөсіпірімдар арасындағы облыстық турнирде екі дүркін чемпион болса, 2023 жылғы облыстық жарыстың да жеңімпазы, волейболдан ауданның үздік командасы болып, жеңіс тұғырына көтерілді. 
Ауыл жаттықтырушысының тағы екі шәкірті бүгінде Атырау қаласындағы дарынды балаларды тәрбиелейтін волейбол академиясына қабылданып отыр.
Қысқасы, сонау бір жылдары мектептің іргесіндегі ақшаңдақ болып жататын орталық алаңның  шаңын қағып үлкен шеберлікпен волейбол ойнаған аға буын өкілдері Саясат Әділов, Сүлеймен Серікқалиев, Ибрайым Жакиев, Нұралы Өтешов, оларды жалғаған Асқар Өтешов, Кенжемұрат Жұбаев, Исатай Мысабаев, Серік Тастанов, Саташ Әшімов, Манарбек Мұханғазин, Сейтжан Аймақов, Тұрар Наурызов, Нұрғали Далабаев,тағы да басқалары тік көтерген ауылдағы волейбол ойыны жалауы жығылып көрген жоқ. 
Бәрінен де осы ауылдағы белгілі ұстаз болған Ибрайым Жақияұлы салған волейболшылар қатары үзбей толығып келеді. Болашақта ауылға жаңа спорт кешені салынса, жастардың шеберліктері одан әрі шыңдалып, әлі де әлемдік талай биіктерді бағындырары сөзсіз.
Оның нақты дәлелі-ауыл спортының туын тіктеген ұстаз Болат Тастановтың 30-дан аса шәкірті мен жанкүйері, олардың ата-аналарының қолдауымен өткен біз сөз басындағы айтқан жарыс. 
Ауыл әкімі Дулатбай Сариев, аудандық мәслихаттың депутаты, Индер балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұржан Бисенбаев, М.Сиранов атындағы орта мектептің директоры Сәбит Ешмұхамбетов, мерейжас иесі, ұстаз Болат Тастанов қатынасқан жарыстың ашылу салтанатынан соң-ақ тартысты ойындар басталып кетті.
Бұл жарысқа елтайлық төрт командамен қатар волейболдың сан қырын әрқашанда жіті меңгеруге ұмтылатын Индер ауданындағы Көктоғай, Өрлік және Алмалы ауылдары өкілдерінің келіп, ойын көрсетуі жанкүйерлерге  ерекше әсер беріп, бір желпінтіп тастады.
Әрине, қай ойында да шеберлік пен ұйымшылдық ілгері бастырады ғой. Бұл жолы да дәл солай болып шықты да. Ұстаздары атындағы бас жүлдені құрамындағы "Атырау" командасының ойыншысы Парасат Шәріпов бастаған елтайлықтар иеленіп, Алмалы мен Көктоғай командалары жүлделі орынды бөлісті. Үздік ойыншылар болып Ахмедияр Ишанов (Алмалы), Нүрсәт Сәлімгерей (М.Сиранов), Ернұр Қанат (Өрлік), Алтынбек Шахрамов (Көктоғай) танылды. 
Әдетте Қазақстан мен облыс картасындағы кішкене ғана бір нүкте болып көзге де ілінбей қалатын шағын Елтай ауылының қазақ спортының, соның ішінде волейболының дамуына қосып жүрген үлесі ұлан-асыр. Оны  қалың жұрт бұрындары да ерекше сөз етіп жүретін, осы жолы да тәжірибесі мен шеберліктері толысқан мазмұнды ойындарға куә болып, мерейлері өсіп тарасты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT