Референдум – саяси реформаларды жүзеге асыру бағытындағы басты құжат. Өткен шақпен сөйлейтін болсақ, бұған дейін еліміздің тарихында екі рет референдум жарияланған. Бұл үшінші жалпы халықтық референдум болып табылады.
Шынында екінші Конституция 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған еді. Ол Ата Заң 1995 жылы қабылданып 98 баптан тұрған еді. Содан бері 27 жыл уақыт зулап өте шығыпты. Оған қаншама өзгертулер енгізілді. Еліміздің бас заңы биліктің үш тармағының тепе-теңдігін тек қағаз жүзінде ұстап, ал іс жүзінде авторитарлық та суперпрезиденттік билік орнатты. Демократияның негізгі принциптері бұзылды. Халықтың ұсыныстарымен, үнімен уақытында санасу, әлеуметтік мәселелерді дер кезінде шешу жүзеге аспады. Осының зардабын «Қасіретті қаңтар» оқиғасы жанжақты көрсетіп берді. Қазір жағдай мүлдем бөлек. Президенттің басты ұстанымы-халықтың үніне құлақ асатын бір-біріне тәуелсіз Атқарушы, Заң шығарушы және Сот билігін орнату. Бүкіл өркениетті елдердің бүгінгі таңдағы ұстанымы дәл осындай. Қоғам бұған бүгінгі күні дайын. Өйткені, референдум өткізу туралы бастаманың өзі бұқараның өз ішінен шығып отыр.
Ата заңымызға өзгеріс енгізу мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылғаны белгілі. Солардың бас болуымен Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасы толық әзірленді. Жалпы алғанда Ата Заңның үштен бірі өзгереді. Бұл Конституциямыздың түбегейлі жаңаратынын білдіреді. Бұл –Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған қадамның жарқын көрінісі. Нәтижесінде, Конституцияның 33 бабына өзгеріс енгізу арқылы алдағы уақытта 20-дан астам заң жаңаша редакцияланатын болады. Сол арқылы еліміздегі саяси жүйе мен саяси басқарудың қайта құрылуы жүзеге асады. Енді осы өзгерістер мен толықтырулардың маған ерекше әсер етіп, көңіліме ұнаған тұстарына тоқталсам: Біріншіден Конституцияға түзетулер жобасында азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған Конституциялық сот құрылады.
Бұл қазіргідей кезеңде өте өзекті деп есептеймін. Екіншіден, Президенттің өкілеттілігін жүзеге асыру кезеңінде, саяси партиялардың болуына, оның жақын туыстарына квазимемлекеттік секторға, саяси немесе басшы лауазымдарды атқаруға тыйым салынады. Бұл да маңызды қадам деп санаймын. Себебі, мемлекеттің басшысы белгілі бір партияның мүддесін емес, халықтың қамын ойлауға тиіс. Сондай-ақ оның туыстары лауазымды қызмет атқарса, некотизмге жол ашылады. Үшіншіден, Конституцияға енгізілетін өзгерістер Парламенттің жұмысы мен оның сайлау жүйесіне қатысты түзетулер «суперпрезиденттік» басқару үрдісінен ықпалды Парламенті және есеп беретін Үкіметі бар президенттік Республикаға түбегейлі көшуді көздейді. Мәслихаттардың ықпалы артатын болады.
Ендеше, ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай, белсенді қатысу –әрбір азаматтың басты борышы. Себебі бұл бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды қадам болып табылады. Референдумға қатысып, ой-пікірлеріңізді ашық айту, қоғамға үн қосу еліміздің жарқын болашағына, жаңа өміріне қадам жасайтын маңызды күн екенін естен шығармаңыздар дегім келеді. Бәріміз бір кісідей жұмылсақ қана өзіміз қалағандай жаңа Қазақстанды құра аламыз. Сондықтан, облыс, аудан, ауылымыздың барша халқын 5 маусым күні рефрендумға ұйымшылдықпен қатысып, жоғары деңгейде дауыс беруге шақырамын.
Сағынтай КЕРЕШОВ,
Құрылыс бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы,
ардагер ұстаз