Биыл бірінші рет Тұздыкөлдің жағасына сенбілік ұйымдастырылды. Негізінен халық көп жиналатын Төлепбұлақ басы және Оңдасын жалы мен Кәріз су тазарту стансасы аралығында тазалық жұмыстары белсенді жүрді.
Тұздыкөлдің шипалы балшығына өз бетімен ем алуға және қызықтауға келетін адам көп. Бірақ бәрі бірдей айналып жинап жүрмейді. Су-суасыннан қалған небір баклажка, шөлмектердің түрі жайрап жатыр. Өкінішке орай, киелі орынның басында арақ пен сыраның да ішілетіні шашылған шөлмегінен байқалды. Онымен қоймай сынған шыны шөлмектердің қалдықтары емделушілерге қауіп төндірерлік. Бұлақ басындағы ағаш астауы да жаңартуды қажет етеді екен. Әрі Тұзға және тауға апарар жолдың маңдарына үйден шыққан қоқыстарын көлігімен әкеліп аудара бергені көзге оғаш көрініп тұр. "Құзырлы орындар бұл берекетсіздікке көз жұма қарайтындары қалай?" деген сұрақ туындайды.
Кент басындағы мекеме-кәсіпорын ұжымдарынан сенбілікке шыққан жүзге тарта жігіт 3 автобуспен барып, тазалық жұмыстарына белсене атсалысты. Аталған аймақтар қоқыс-қалдықтан біраз тазарып қалды. Сенбілік барысында аудан әкімінің орынбасары Ақтілек Мусағалиевты сөзге тартқанымызда, мақтанышымыз Тұздыкөл мен оған апарар жолдың тазалығын ұйымдастыру әр кез назарда болатындығын атап өтті.
Индербор кенті әкімінің орынбасары Олжас Хасанов аталған мекеменің жігіттерімен қатар көше тазалығында жүрген 18 қызметкер де көл жағасында кешке дейін еңбек еткенін және жүк тиегіш техникасы мен «КамАЗ» автокөлігі тіркемесімен жиналған қоқыстар шығарылғанын жеткізді.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.