Биыл екінші мәрте ауданымызда «Музей түні» акциясы өтті. Халықаралық музей күні қарсаңында ұйымдастырылған шараға келген аудан тұрғындары мен белсенді жастар көрмені кешкі сағат 19:00-ден, түнгі 22:00-ге дейін тамашалады.
Олар алдымен қазан-ошақта піскен ыстық бауырсақ пен көжеден, шоқ самаурында бұрқырап қайнаған шайдан дәм татты. Одан соң келген қонақтар мұражай ғимаратындағы құнды жәдігерлермен танысып, мағлұмат алды. Шара аясында жастарды баурайтын викториналық сұрақтар, арқан тартыс, қанталапай, иін ағашпен су тасу, асық ату, қол күресі ойындары ойнатылып, әсем әндер шырқалды.
Сондай-ақ кеште қара домбыраның үнімен «Домбыра пати» ұйымдастырылып, оған Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің жас домбырашылары Айгерім Абылхатдиева, Күнсұлу Шынғалиева, Нұрай Рахым өз өнерлерін ортаға салса, көрермендердің ішінен көже ішуден «Көже пати» ойынында Ғасыр Қалыбай жеңіске жетті. Шара соңында жеңіске жеткен жеңімпаздарды ұйымдастырушылар марапаттап, Алғыс хат пен сыйлықтарын табыстады.
А.ДИАС.