Тәулік бойы тыным таппай, кәмелетке толмағандардың ісімен айналысатын аудандық ювенальды полиция тобының инспекторлары 17-18 маусым аралығында аудан көлемінде жүргізілген «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында түнгі рейдке шықты.
Олар сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін ата-анасының және оған құқы бар заңды өкілдерінің қарауынсыз ойын-сауық мекемелерінде немесе үйден тыс жерлерде жүрген кәмелеттік жасқа толмағандарды кездестірді. Мәселен, рейд кезінде инспекторлар кенттегі Г.Шамин көшесінен 2 жасөспірімді тоқтатып, тілдескенінде, олар өзінің аға-апаларымен жүргенін айтып сылтауратты.
Алайда мұндай жағдайда, аға-апа, жақын-туыс кәмелетке толмаған балаланың әрекетіне жауап беруге құқы жоқ. Келесі кенттің орталық көшесінен де топтасып жүргендердің арасынан жасы кәмелетке толмаған 2 жасөспірімді жолықтырып, оларға да ескерту жасады. Сонымен ұсталғандарды инспекторлар аудандық Полиция бөліміне жеткізіп, әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Сондай-ақ бұл күні ата-ананың немесе басқа да заңды өкілдердің балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамаған үшін 1 іс тіркелді. Міне, осылайша рейд кезінде осындай олқылықтар анықталып, ҚР ӘҚБтК 442-бабының 2-бөлігіне сәйкес 4 жасөспірім, ал 127-бабымен 1 жеке тұлға есепке алынды. Жалпы жыл басынан бері аудан көлемінде түнделетіп көше кезіп, сауық-сайран қуып жүрген 75 жуық жасөспірім анықталған. Олардың ата-аналарына жазбаша түрде ескерту жасалды.
Енді жағдай қайталанатын болса, онда жасөспірім арнайы тіркеуге қойылып, бақылауға алынады дейді аудандық ювенальды полиция тобының инспекторы Г.Құбашева.