Бұл турасында аудан әкімінің орынбасары М.Алдерзин сөз алып, ауданның елді мекендерін тазартылған ауыз су және жазғы су желілері тартылып, бірнеше жылдар бойғы күрделі жұмыстардың ақырында іске қосылып, бүгінде халыққа қызмет көрсету бір жүйеге келе бастағанын атап өтті.
Соның нәтижесінде ауданда тұрғындарды ауыз сумен қамту көрсеткіші едеуір жоғарылады. Мұның өзі аудан жұртшылығының ризашылығын туындатып, ауылдағы тұрмыс сапасының жақсара түскенінің нақты көрінісіне айнала бастады.
Дегенмен әліде сала мамандары мен «ИндерСУ» КМК (директоры Алмас Құсайынов) айналысатын мәселелер аз болмай шықты. Соның бастысы көшелерге тартылған желілер мен оларға тиесілі жерлер бүгінгі талапқа сай жедел түрде құжаттандырылуы тиіс. Бұл жұмыстар облыстық мәслихаттың депутаты, «ҚазТрансзгаз-Аймақ» Индер бөлімшесінің басшысы Сағидолла Құлғалиев іске қосылып, жұмыс істей бастаған жазғы су желілеріне де қатысты екенін назарға беріп, оны басқа да сөйлеушілер қолдады.
Сондықтан да аудан әкімі Серік Арыстан бүгінде өте жауапты қысқы-көктемгі науқанды өз дәрежесінде ұйымшылдық жағдайында өткізумен бірге салалық бөлімдер басшылары, мамандары округтер әкімдерімен бірлесе отырып, бұл жұмыстарды да жүйелі іске асыруы керектігін атап көрсетті. Оған жұмсалатын шығындарды анықтап, қаржыландыру көздерін іздестіруді тапсырды.
С.БИСЕНОВ.