Парламент сенатының депутаты Ғ.Дүйсембаев Елтай ауылдық мәдениет үйінде жергілікті халықпен кездесті. Оған облыстық, аудандық мәслихат депутаттарымен қоса мекеме, бөлім басшылары қатысты.
Жүздесуде сенатор заң шығарушы органның атқарып жатқан жұмыстары жөнінде мол мағлұмат берді. Айталық, республиканың жалпы бюджеті 11 триллиондай, болса оның 6 триллионы салықтан түседі. Жыл ішінде 84 заң қабылданып, 1 рет Конституцияға өзгеріс енгізілген. Парламенттегі қаржы және бюджет комиссиясының мүшесі ретінде Атырау облысының мәселесі жөнінде 6 рет үкіметке сауал жолданған.
Сондай-ақ халықтың көкейтесті мәселелерінің бірі Атырау-Астрахань жолын жөндеу үшін қаржысы толық шешілгенін, Миялы-Қарабау-Индер жолы да жоспарға сай толық аяқталатынын, Жайық өзенінің тағдыры жақында Орал қаласында өтетін кеңесте қаралатынын, ауыл шаруашылығын дамытудағы өзектіліктермен қатар халықтың әлеуметтік оның ішінде, көп балалы аналар мен мүгедектердің жағдайы мемлекеттің басты назар аударып отырған жайы екендігін және өзге де мәселелер жөнінде кеңінен түсінік берді. Сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Б.Сапаров елдегі жасалып жатқан жұмыстармен қатар Жайық өзенінің тартылуынан ағаштар қурап, экология зардап шегіп жатқанын, Атырау-Орал тас жолын күтіп ұстау мәселесін көтерді.
Сондай-ақ Аққала ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Раушанов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ө.Оразғалиев және қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ш.Ержановалар көкейдегі мәселелерін жеткізді. Кездесуде Ғ.Дүйсембаев ұсыныс-пікірлер қаперге алынатынын айтып, кейбір сұрақтарға жауап берді. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Д.Шамұратов аудан халқы атынан сенаторға ризашылығын білдіріп, жиынды қорытындылады.
Ж.ИСЛАМҒАЛИЕВ.